Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасы: Күдікке ілінген тұлғалар анықталды
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынды, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленді. 12 сараптама тағайындалды.
Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды, – делінген Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Ведомство мәліметінше, тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.
Айта кетейік, кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.
Тағы оқи отырыңыз: Каспийдегі әскери қызметшілерді іздеу операциясы күшейтілді: Ондаған кеме мен әуе кемесі жұмылдырылды