Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 54-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 54-баптың екі тармағы жаңа редакцияда жарияланды. Екеуінің де өзектілігі жоғары.

Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Конституцияны өзгерту немесе толықтыру Парламент палаталарының шешімімен жүзеге асырылып келді. Яғни бұған дейін Ата заңға редакция жасауға қарапайым халық араласқан емес. Оның бір айғағы, қазіргі біз талқылап отырған 54-баптың 1-тармағынан анық көруге болады. Мысалы қазіргі қолданыстағы Конституцияда 54-бапты 1-тармағы былай берілген: «Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды». Конституциялық заңдар дегенді әдейі ерекшелеп отырмыз. Себебі бұған дейін оны Парламент қалағанынша өзгертіп келген болатын.

Ал енді Ата заңымыздың жаңадан ұсынылған жобалық-нұсқасында бұл сөз алынып тасталды. Яғни бұдан былай «Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды». Демек бұдан былай Парламент Ата заңымызды қалағанынша өзгертіп, өз білгендерін істей алмайды деген сөз. Әрине, бұл елдегі басты заң шығарушы орган заң шығару құқынан айырылды дегенді білдірмесе керек. Себебі «қарау арқылы заңдар қабылдайтыны» анық көрсетілді.

54-бапқа енгізілген келесі өзгеріс 53-баптың 1-тармағына қосылған екінші тармақшаға аса ұқсас. Онда Конституциялық заңдар мен заң баптарын қабылдау туралы айтылса, 54-баптың 2-тармағының екінші тармақшасында жай заңдар туралы айтылады. Тек талаптар ортақ. Яғни Парламент ұсынған заңға Президенттің келісу-келіспеуі жайлы.

Сонымен, Президенттің Парламенттегі мүмкіндіктері жайлы түсіндірген 54-баптағы өзге де өзгертулерді төменнен оқып көріңіздер.

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.  

54-бап

Жаңа нұсқада: 54-бапта:

1) 1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды, оның ішінде:»;

Ескі нұсқада: 54-баптың 1-тармағы

1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:

Жаңа нұсқада: 54-бапта:

2) 2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әрбір Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;».

Ескі нұсқада: 54-баптың 2-тармағының 2-тармақшасы

2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді;

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы