Конституциялық реформа. Қай бап қалай өзгереді. 50-бап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Конституциялық реформа барысында ең көп түзетулер мен толықтырулар енгізілген Ата заңымыздың ІV бөлімі. 

15 баптан тұратын бұл бөлімде негізінен Парламенттің құзыреті мен міндеттері, құқығы мен саяси мәртебесі анықталады.

Осы бөлімнің екінші бабы – Ата заңымыздың 50-бабы бұған дейін Президентке ерекше мүмкіндік беріп келген. Ол Сенаттың 15 депутатын тағайындау құзыреті болатын. Ал осы жолғы жаңа жобада бұл мүмкіндікті он депутатқа дейін қысқарту ұсынылды. Яғни бұдан былай Мемлекет басшысы Сенаттың 10 депутатын өзі тағайындай алады. Оның бесеуі Қазақстан халқы ассамблеясынан болуы шарт.

Бұл қадам Президент билігінің Парламент институтындағы ықпалын біршама азайтады деген сөз. Бір кездегі суперпрезиденттік басқаруда өз қолайына жаққан адамын депутаттыққа тағайындап, сол арқылы партиялық әрі депутаттық дауысқа ие болу, саяси институттағы билігін асыра пайдалану секілді демократиялық көзқарасқа қайшы әрекеттер азаяды деген ойдамыз.

Сонымен қатар, 50-баптың реформалануы арқылы біз депутаттар санын да біршама қысқартатын боламыз. Қазіргі уақытта қолданыстағы Конституцияның 50-бабының 3-тармағында «Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады» деп жазылған болатын. Жаңа редакцияда бұл сан 98-ге дейін қысқаратыны айтылды. Бұл елдегі ең ірі саяси институттың саннан гөрі сапаға бейімделуіне негіз болса керек. 

Сонымен екі тармағына өзгерту енгізілген 50-бапта қандай өзгеріс болатынын оқып көріңіздер. 

Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.

50-бап

Жаңа нұсқада: 50-бапта:

1) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.»;

Ескі нұсқада: 50-баптың 2-тармағы

2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.

Жаңа нұсқада: 50-бапта:

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.».

Ескі нұсқада: 50-баптың 3-тармағы

3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы