24 Қыркүйек 2026, 21:11 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері жарияланды

Екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігі бүгін Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің толық тізімін жариялады.

Еске салайық, Қанат Бозымбаев жоғалған әскери қызметшілерді іздеуді үздіксіз жүргізуді тапсырған болатын. Оқиға орнында барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы, сондай-ақ іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестіріліп жатыр. Қазір негізгі міндет – орналасқан жері әлі анықталмаған екі әскери қызметшіні іздеу.

Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен теңізге 17 әскери қызметшіні ағызып әкеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, министрлік пен Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің жеке құрамы Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.