Дәрігерлер Маңғыстау ауруханасына жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы туралы айтты
Дәрігерлер ауруханаға жеткізілген әскеридің жағдайы туралы мәлімет берді.
Дәрігерлер Каспийде құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зардап шеккен әскери қызметшілердің бірі Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Оған барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, әскери қызметшінің жағдайы – тұрақты ауыр.
Әскери қызметшінің қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Мамандар қажетті емдеу шараларын жалғастырып, науқастың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жағдай Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, - делінген хабарламада.
Бас прокуратура Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын айтты.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.