Балабақша, мектеп және колледж мәселесі: СҚО-да міндет орындалып жатыр ма?
Биыл Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында қандай жұмыстар атқарылды? Қандай мәселелер шешімін тапты және қандай проблемалар бар? СҚО Білім басқармасының басшысы Назир Жашибеков баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Назир Жашибековтың сөзінше, Солтүстік Қазақстан облысының білім беру саласы өзекті мәселелерді шешу үшін тиісті ресурстармен қамтамасыз етілген.
Өңірде 165 мыңнан астам балаларды қамтумен 1 049 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 458 мектеп, 458 мектепке дейінгі ұйым, 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, 83 қосымша білім беру ұйымы.
Балаларға балабақша орын жеткілікті ме?
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды орындармен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.Қазіргі уақытта ерте жастағы балаларды қамтуды арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл облыста 458 балалар ұйымы жұмыс істеп тұр, онда 10 790 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды, оның ішінде 348 жаңа. Облыста 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,8%-ы балабақшамен қамтылған.
Балаларды қамтуды арттыру үшін Петропавл қаласының «Береке» шағын ауданында 140 орынға арналған балабақша құрылысы басталды, келесі жылы «Жас Өркен» шағын ауданында 280 орынға арналған тағы бір балабақшаның құрылысы басталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаларға баратын халықтың әлеуметтік осал тобындағы отбасылардан шыққан 1 172 бала тегін тамақпен қамтылды, - деді басқарма басшысы.
Жұмыс тәжірибесімен және инновациялық идеялармен алмасу бойынша құзырет орталықтары болып 3 жетекші балабақша атанды.
Мектепке дейінгі оқыту сапасын арттыру мақсатында биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 586 педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтті, 132 мектепке дейінгі ұйымның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 2024 жылы 870 педагогті курстық даярлықпен қамтуды, сонымен қатар 56 балабақшаның МТБ нығайтуды жоспарлап отырмыз, - деп түсіндірді Назир Жашибеков.
Биылғы қазан айынан бастап Петропавл қаласы мектепке дейінгі ұйымдарға балалардың бірыңғай кезектілігі бойынша пилоттық жобаға қатысып жатыр.
СҚО-да ауыл мектептері назарда
Биыл апатты жағдайдың орнына жалпы жобалық қуаты 720 орынға арналған 2 мектеп іске қосылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 700 орынға шақталған 4 мектепті салу қарастырылған. Биыл 1 200 орынға 2 мектептің құрылысы басталды.
Жайлы мектептерді жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыстың білім беру ұйымдары басшысының 12 орынбасары «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы бойынша оқудан өтті. ҚР Президентінің тапсырмасын жүзеге асыру аясында «Жыл сайын кемінде 1000 мектепті жаңғырту» бойынша соңғы үш жылда 250 ауыл мектебі жаңғыртылды. 2025 жылға дейін тағы 166 мектеп жаңғыртылады, - деп айтты Білім басқармасы басшысы.
Оның айтуына қарағанда, биыл 51 мектеп жаңа модификациядағы 55 кабинет сатып алды. 2025 жылға дейін 56 пәндік кабинет сатып алуды жоспарлап отыр.
Оқушылар мен мұғалімдердің білім сапасы қалай?
СҚО Білім басқармасы басшысы атап өткендей, маңызды көрсеткіштердің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Барлық объектіде №117 бұйрыққа сәйкес дабыл түймелері орнатылған, хабарлау жүйесі барлық мектептерде бар, 292 объект АПБ ЖБО-ға қосылған, мамандандырылған күзет пен қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесімен 100% қамтамасыз етілген.
Облыстың барлық мектебінде ыстық тамақ ұйымдастырылған. 37 247 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 30 055 бастауыш сынып оқушылары. Сонымен бірге бүгінде облыста оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Қала ауылға», «Зерделі ұстаз», «Шеберлер зертханасы», «Білім срапатамасы» және т.б. «Microsoft Қазақстан» жобасы шағын жинақталған мектептердің ауыл мұғалімдерін қолдауға арналған жобасы. Бүгінгі таңда облыстың 39 мектебінен 107 педагог-жаттықтырушы қатысып жатыр, оларда «Office 365 А1» бағдарламалық өнімі орнатылған, - деді Назир Жашибеков.
2024 жылы аудан мұғалімдерінің педагогикалық шеберлігін арттыру орталықтарына айналатын 28 тірек мектептерді кезең-кезеңімен қайта құру жоспарланып отыр. Бұл білім беру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Балаларды тасымалдауға арналған автобус паркі жыл сайын жаңартылып отырады. Биылдың 1 қыркүйегіне қарай автобус паркі 29 көлікпен толықты. Келесі жылы тағы 30 автокөлік сатып алу жоспарда бар.
Ал «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 40 мың көркем әдебиет қоры сатып алынды. Жыл сайын инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Биыл екі ауысымда 2 арнайы ұйым жұмыс істей бастады. Бұл ПМПК кезекті 379-дан 26 балаға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Облыста инклюзияны қолдаудың 25 кабинеті қызмет атқарады, оның 5-еуі биыл ашылды. Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту мақсатында 2024 жылы тағы бір «Аутизм орталығын», 2025 жылы – бір ПМПК және ППТК, сондай-ақ инклюзияны қолдаудың 8 кабинетін ашу жоспарланып отыр, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыста алғаш рет «Балабақша – мектеп-интернат» арнайы кешенінің базасында есту қабілеті бұзылған топтар ашылды. Арнайы мектепте орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 50 орынға арналған жатын корпусы бар 300 орынға шақталған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды тапсыру 2024 жылы жоспарланған.
Қосымша білім мен тәрбие жұмысы
Облыстың барлық білім беру ұйымында «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» енгізілді. 443 ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Облыстың 7 мыңға жуық педагогі оқудан өтті.
Биыл қосымша білім берумен қамту 83%-ға жетті. Бұл өткен жылдан 3%-ға артық. Қосымша білім беретін 83 ұйым жұмыс істейді. 2 мыңға жуық спорт секциялары мен 3 мың қызығушылық үйірмелерінің жұмысы ұйымдастырылған.
2023 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында шығармашылық және спорттық бағыттарға 3 939 орын бөлінді. Осы жылдан бастап біз балалардың мектептен тыс бос уақытын дамыту үшін жағдайларды жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Есіл ауданында әкімшілік ғимаратты өнер мектебіне қайта жаңарту басталды. Осындай жұмысты тағы 3 ауданда жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Назир Жашибеков.
СҚО-да студенттердің 83%-ы тегін оқиды
Облыста 24 колледж бар. Онда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 11 134 студент білім алады. Студенттердің 83%-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Биыл кадрларды даярлауға 3 667 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Жаңа модульдік білім беру бағдарламаларымен студенттердің 82% қамтылды, - деп айтты СҚО Білім басқармасының басшысы.
Дуальды оқытумен 21 колледжде 2 406 студент оқиды. 354 студент кәсіпорындардың өтінімдері бойынша білім алады. 17 колледж кәсіпорындарға қамқорлыққа берілді. 7 мыңнан астам студент кәсіби практикамен қамтылды, 128 педагог қамқоршылық көрсетуші кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтті.
Бүгінгі таңда 5 колледж базасында «Жас маман» бағдарламасы аясында жабдықталған 7 құзырет орталықтары жұмыс істейді. Биыл «WorldSkills» чемпионатына қатысушыларды даярлау және практикалық сабақтар өткізу үшін бір орталық ашылды. Жыл соңына дейін тағы бір орталықтың ашылуы жоспарланған. Жол картасына сәйкес 7 колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту қарастырылған. Студенттер үшін төсек-орын тапшылығын шешу үшін 488 орынға арналған 2 студенттік жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе және Павлодар облыстарының білім саласында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы жазған болатынбыз.