Ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақталды
Маңғыстау облысында ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақталды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарбаздардың бірі облыстық ауруханаға жеткізілген еді. Түскен кезде барлық тексерістен өтті. Қазіргі кезде жағдайы тұрақты. Терапия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр, – деді Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.
Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.