5 Қараша 2026, 13:03 Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери қызметшілердің қаза табуы: Кімдер жауапқа тартылуда?

Әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.

Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілді.

Қазірге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді.

Еске сала кетейік, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды.

Олар – Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Айта кетейік, бұған дейін Каспийде оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші суға батып кеткені хабарланды. 

Сондай-ақ, әскери қызметшілердің қазасына байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, Премьер-министр Олжас Бектенов шұғыл тапсырма берді. 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтты. 

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Одан кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің есімдерін жариялады.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетеді. Қайырымдылық бастамасына еліміздің әр өңірінен 17 кәсіпкер қосылды.

Қорғаныс министрі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарымен кездескені хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыз:

Каспийдегі әскери қызметшілерді іздеу операциясы күшейтілді: Ондаған кеме мен әуе кемесі жұмылдырылды 

Қазақстан тарихындағы қаралы күндер хроникасы