Ақшасын аударған соң бұғаттап тастаған: Астанада концертке жалған билет сатқан ер адам сотталды
Екі азамат концертке билет аламыз деп 90 мың теңге аударған. Ақшаны алған сатушы олармен байланысты бірден үзген. Сот қандай жаза тағайындады?
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде концертке жалған билеттер сатып, екі азаматты 90 мың теңгеге алдаған. Зардап шеккендердің бірі – кәмелетке толмаған бала.
Астана қаласында концертке жалған билет сату арқылы азаматтарды алдаған 30 жастағы ер адам сотталды. Бұл туралы елорда прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, ер адам алдымен ресми сайттан екі билет сатып алған. Кейін билеттердің деректерін өзгертіп, олардың жалған нұсқаларын жасаған. Одан соң Threads әлеуметтік желісінде концертке билеттер сатылатыны туралы хабарландырулар жариялаған.
Хабарландыруларға екі азамат, оның ішінде кәмелетке толмаған бала да қызығушылық танытқан. Олар сатушыға тиісінше 50 мың және 40 мың теңге аударған.
Алайда ақшаны алғаннан кейін ер адам сатып алушыларды бұғаттап, байланысқа шығуды тоқтатқан. Нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық залал 90 мың теңгені құрады, - делінген хабарламада.
Сот істі қарау кезінде айыпталушының келтірілген залалды өтегенін және кінәсін толық мойындағанын ескерді. Үкіммен оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды концерт билеттерін тек ресми көздерден сатып алуға және әлеуметтік желілердегі бейтаныс сатушыларға ақша аудармауға шақырады.
Еске салсақ, Маңғыстауда әлеуметтік желіде саудамен айналысқан танымал блогер ұсталды. Ол Instagram арқылы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сатқан.
Тағы оқи отырыңыз: Онлайн саудадағы тұзақ: WhatsApp-тағы сатушыға сенген ақтөбеліктер қомақты қаржысынан айырылды
Тергеуден шыққан шенеунік өлі табылды: Қоштасу хатын жазып қалдырған