Ақтөбеде интернет арқылы автокөлік бөлшектері мен қысқы дөңгелек сатып алмақ болған екі тұрғын алаяқтардың құрбаны болды. Олар сатушыларға алдын ала ақша аударғанымен, тауарларын ала алмаған.
Соңғы уақытта интернет арқылы сауда жасау кезінде алаяқтық фактілері жиілеп барады. Қаскөйлер хабарландыру сайттары мен мессенджерлерде түрлі тауарларды сататынын айтып, сатып алушылардан ақшаны алдын ала аударуды сұрайды. Алайда төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай, ізін суытады.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, осындай алаяқтықтың бір жағдайы Ақтөбе қаласында тіркелген. 42 жастағы тұрғын WhatsApp мессенджері арқылы келісімшарттық қозғалтқыш сататынын айтқан адаммен сөйлескен. Сатушының сөзіне сенген азамат банк арқылы оған 300 мың теңге аударған. Бірақ ақша түскеннен кейін сатушы хабарсыз кеткен.
Тағы бір жағдайда автокөлік иесі қысқы дөңгелек сатып алмақ болған. Тауарды жеткізіп беруге уәде еткен алаяқ одан 160 мың теңге алған. Алайда сатып алушы дөңгелектерін де, ақшасын да ала алмаған.
Осылайша, екі тұрғынның келтірілген шығыны 460 мың теңгеге жеткен.
Интернет-алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Полиция азаматтарды онлайн сауда кезінде сақ болуға және бейтаныс сатушыларға бірден сенбеуге шақырады. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мынадай сақтық шараларын ұстанған жөн:
- мүмкіндігінше тауарды өз көзіңізбен көріп, қолыңызға алғаннан кейін ғана ақысын төлеңіз;
- бейтаныс сатушыларға тауарды алмай тұрып алдын ала ақша аудармаңыз;
- сатушының парақшасын, пікірлерді және бұрын жариялаған хабарландыруларын тексеріңіз;
- нарықтағы бағадан тым арзан ұсыныстарға күмәнмен қараңыз;
- ақшаны шұғыл аударуды талап ететін сатушыларға сақтықпен қараңыз.
Полиция өкілдері интернет арқылы сауда жасағанда сатушының сенімділігіне көз жеткізіп, қаржылық операцияларды асығыс жасамауға кеңес береді.
Айта кетейік, бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайғанын мәлімдеді. Ресми дерекке сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық деректері 19 мыңнан 15 мыңға дейін азайған. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29%-ға өскен.
Сондай-ақ, Қазақстандықтарды интернет-алаяқтар көбіне қалай алдайтыны белгілі болды. ІІМ үш кең таралған схеманы атады.
Тағы оқи отырыңыз: «Ақшаңызды қорғаңыз» деген қоңырау: Зейнеткер 3 млн теңгесінен айырылып қала жаздады