Аида Балаева: Құрылтай жаңа Конституция талаптарын іске асыруға ықпал етеді
Министр айтуынша, таңертеңнен бері әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікке жүргізілген мониторинг азаматтардың сайлауға белсенді қатысып жатқанын көрсеткен.
Аида Балаева Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға қатысты. Үкімет басшысының орынбасары қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі жоғары екенін атап өтті.
«Таңертеңнен бері Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отыр. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Бұл әрбір азаматтың өз болашағына және еліміздің ертеңіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады. Өз жолымызды өзіміз айқындауға мүмкіндігіміз бар болғандықтан, біз өзімізді шын мәнінде бақытты халық деп санай аламыз. Осындай бірлік пен ел ісіне ортақтастық ахуалын Халықтық Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум кезінде де көрдік. Біз болашаққа нық сеніммен қараймыз, құндылықтық бағдарларымыз бен ұлттық басымдықтарымызды айқын түсінеміз. Мұның бәрі халқымыздың бірлігі мен ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болып отыр. Біз осыны бағалап, елдегі тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтауға және озық әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын қолдауға тиіспіз. Президент пен жалпыұлттық мақсаттар төңірегіне топтасқанда ғана алға нық қадам баса аламыз», – деді Аида Балаева.
Журналистердің сауалдарына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары сайлау науқаны барысында саяси партиялардың жоғары белсенділік танытып, үгіт-насихат жұмыстарына креативті тұрғыдан келгенін атап өтті. Оның айтуынша, партиялар өздерінің басымдықтары мен бағдарламаларын жұртшылыққа жан-жақты таныстыра алды. Ал түпкілікті таңдауды бүгін азаматтардың өздері жасайды.
Еске салсақ, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді.
Мәулен Әшімбаев та Астанадағы №129 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Елордадағы №128 сайлау учаскесінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да келіп, өз таңдауын жасады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының экс-депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор, Марат Башимов Құрылтай сайлауының маңызына тоқталып, өз даусын берді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев №169 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Сондай-ақ, экс-депутат Абзал Құспан Астана қаласындағы №175 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сайлауға қатысу әр азаматтың борышы екенін айтты.