Жұлдыз Сүлейменова елордадағы №128 учаскеде дауыс берді

№128 сайлау учаскесінде 1 782 сайлаушы тіркелген.

 23 Тамыз 2026, 07:51
23 Тамыз 2026, 07:51
173

Астанада Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Елордадағы №128 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де ашылып, сайлаушыларды қабылдауға кірісті.

Аталған учаскеге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да келіп, өз таңдауын жасады.

№128 сайлау учаскесінде 1 782 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру барысын шетелдік бақылаушылар да қадағалап отыр. Таңғы уақытқа қарамастан, учаскеге өз таңдауын жасауға келген тұрғындар көп.

Солардың бірі – Қуантай мен Ғалия Темірбаевтар. Ерлі-зайыпты жолға шығар алдында дауыс беру үшін сайлау учаскесіне арнайы келген.

«Біз жолға шығатын едік. Сайлауда дауыс беру үшін сапарымызды сәл кейінге қалдырып, таңертең учаскеге келдік. Енді жолға аттанамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді Қуантай мен Ғалия Темірбаевтар.

Қазақстандағы сайлау учаскелерінің басым бөлігі таңғы сағат 07:00-де ашылды. Ел бойынша 10 мыңнан астам учаске жұмыс істеп тұр. Кейбір сайлау учаскелері дауыс берушілерді сағат 06:00-ден бастап қабылдады.

Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысып жатыр. Дауыс беру арқылы 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары өз таңдауын жасай алады.

Наверх