35 күннен кейін – 35 жыл: Қазақстан Тәуелсіздік кезеңінде қалай өзгерді?
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына небәрі 35 күн қалды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына небәрі 35 күн қалды. 2026 жылғы 16 желтоқсанда еліміз тарихи мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде Қазақстан өз мемлекеттік институттарын қалыптастырып, нарықтық экономикаға көшті, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Ал қарапайым халықтың өмірінде қандай өзгерістер болды? BAQ.KZ тілшісі ресми деректер негізінде тәуелсіздік жылдарындағы негізгі көрсеткіштерге шолу жасады.
Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы
Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды қадам 1990 жылғы 25 қазанда жасалды. Сол күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміз дербес мемлекет ретінде жарияланды. Осыдан кейін Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесін қалыптастыру кезеңі басталды. 1992 жылғы 2 наурызда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Сол жылдың 4 маусымында Мемлекеттік ту мен Елтаңба бекітілді.
1993 жылғы 15 қарашада ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. Бұл елдің дербес ақша-несие саясатын жүргізуіне мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарындағы елеулі өзгерістердің бірі – астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі. 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасына айналды. Кейін қала Астана атауын алды.
Мемлекеттік басқару жүйесі де бірнеше кезеңнен өтті. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеде күшіне енді. Осылайша, Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын саяси жүйедегі кезекті өзгерістер кезеңінде қарсы алып отыр.
Экономика қаншалықты өсті?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан күрделі болды. Кеңестік шаруашылық байланыстар үзіліп, өндіріс көлемі қысқарды. Ел жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшуге мәжбүр болды. Дегенмен кейінгі онжылдықтарда Қазақстан экономикасының ауқымы едәуір кеңейді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1994-2024 жылдар аралығында ел экономикасы нақты мәнде 4,4 есе өскен. Бұл – баға өзгерісінің әсері ескерілген көрсеткіш. Ал 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 млрд АҚШ долларына жетті. Экономиканың нақты өсімі 6,5 пайызға жетті.
Елдің сыртқы саудасында да айтарлықтай өзгеріс бар. Мәселен, 1995 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 9,1 млрд доллар болса, 2024 жылы 142,1 млрд долларға жеткен. Осы кезеңде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі де ұлғайды. 2005 жылы бұл көрсеткіш 10,5 пайыз болса, 2024 жылы 38,9 пайыз болды. Экономика құрылымында біртіндеп өзгерістер байқалады. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 12,8 пайызды, ал тау-кен өндіру саласының үлесі 11,7 пайызға жетті. Соған қарамастан, шикізатқа тәуелділікті азайту, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту және еңбек өнімділігін арттыру Қазақстан үшін әлі де өзекті міндет болып отыр.
35 жылда халық саны қалай өзгерді?
Тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды өзгерістердің бірі – елдегі демографиялық өсім. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 1991 жылы Қазақстанда 16,4 млн адам тұрған. Ал 2026 жылғы 1 қазанда халық саны 20 млн 633 мың адамнан асты. Осылайша, тәуелсіздік жылдарында ел халқы 4 миллионнан астам адамға көбейді.
Қазақстан 20 миллиондық межеге 2023 жылғы 14 қарашада жеткен еді. Бұл оқиға елдің демографиялық дамуындағы маңызды белеске айналды.
Халықтың өмір сүру ұзақтығы да артты. 1994 жылы Қазақстанда туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 64,9 жас болса, 2025 жылы 75,97 жасқа жетті. Демографиялық өсіммен қатар урбанизация үдерісі де күшейді. Адамдардың қалаға қоныс аударуы жаңа тұрғын үйге, мектептерге, ауруханаларға және инженерлік инфрақұрылымға сұранысты арттырды.
Тұрғын үй, жол және мектеп құрылысы
Тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістер инфрақұрылымнан да көрінеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 1994 жылы Қазақстанда 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2024 жылы бұл көрсеткіш 19,1 млн шаршы метрге жетті.
Сондай-ақ 1994 жылдан бері елімізде 11 мың шақырымнан астам жаңа автомобиль жолы және 5,2 мың шақырым теміржол салынған. Соңғы 30 жылда 2 мыңнан астам мектеп бой көтерген.
Бүгінде Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік дәліздерін дамытуға басымдық беріп отыр. Ақтау және Құрық порттары, Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары елдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Алайда инфрақұрылымның сапасы, ескірген коммуналдық желілерді жаңарту және ауыл мен қала арасындағы даму алшақтығын қысқарту мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ.
Қазақстанның әлемдік саясатта орны
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде өз орнын қалыптастырды. Еліміздің сыртқы саясатындағы тарихи шешімдердің бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. Полигон 1991 жылғы 29 тамызда, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін жабылды. Кейін еліміз мұраға қалған ядролық қарудан бас тартты.
Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткізді. Ал 2017-2018 жылдары Орталық Азия мемлекеттері арасында алғаш болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды.
2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды.
Биыл отандық дипломатия тарихында тағы бір маңызды оқиға тіркелді. 2026 жылғы қазанда Қазақстан Наоэро Республикасымен дипломатиялық қатынас орнатты. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл еліміз дипломатиялық байланыс орнатқан 195-мемлекет болды. Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнату үдерісін аяқтады.
Цифрлық елге айналу жолы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі қағаз құжаттар арқылы көрсетілсе, қазір көптеген рәсімді интернет арқылы орындауға болады. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың соңында Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің шамамен 90 пайызы онлайн форматта қолжетімді болды. Сол жылы азаматтарға 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілген.
Қазақстанның ақпараттық технологиялар саласында да жаңа бағыт қалыптасты. 2025 жылы елдің IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасында цифрлық қызметтердің жаңа экспорттық бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында.
35 жылдық белес: ендігі міндет қандай?
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығын жаңа стратегиялық міндеттермен қарсы алып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне басымдық берді. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, ауруханалар, жолдар, тұрғын үйлер және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу көзделген. Оның ішінде 1,5 трлн теңге 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға бағытталмақ. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын және білім беру, спорт пен мәдениет салаларындағы 50 нысанды салу жоспарланып отыр.
Алайда алдағы міндеттер тек құрылыс саласымен шектелмейді. Президент халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны төмендету және экономиканы әртараптандыру қажеттігін де атап өтті.
Жолдауда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді деп күтілуде. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінде жұмыс істейтін мамандардың жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау және инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту көзделген.
Тағы бір маңызды бағыт – энергетикалық қауіпсіздік. Президент 2029 жылға қарай Қазақстан электр энергиясын ішкі қажеттіліктен артық өндіретін деңгейге жетуге тиіс екенін мәлімдеді. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы қуат көздерін жаңғырту және атом энергетикасын дамыту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, отандық өнеркәсіптің мүмкіндігін кеңейту және жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құру міндеттерін белгіледі.
Жолдаудағы бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкімет 12 бағыт пен 96 іс-шараны қамтитын Жалпыұлттық жоспардың жобасын мақұлдады.
Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында мемлекеттілікті қалыптастыру, экономиканы тұрақтандыру және халықаралық байланыстарды нығайту негізгі басымдық болса, ендігі кезеңде басты назар экономиканың сапалы өсуіне, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға аударылып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Республика күні Тәуелсіздікке бастар жолдың маңызды кезеңі болды – саясаттанушы
Желтоқсандағы демалыс: Қазақстандықтар Тәуелсіздік күнінде қалай демалады?