Амнистия: Айыппұлы кешірілгенін қазақстандықтар қалай біледі?

Әкімшілік рақымшылық тек айыппұлдарға қолданылады.

Бүгiн 2026, 10:12
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:12
Бүгiн 2026, 10:12
230
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау тетігі алғаш рет енгізілмек. Бұл норма Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің жаңа 889-1-бабында реттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте айтылған мәліметке сәйкес, әкімшілік рақымшылық әзірге тек әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылады. Ол қайталанған құқықбұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге жүрмейді.

Рақымшылық қарапайым азаматтармен қатар жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына да қатысты болады. Жеке кәсіпкерлерді қамту азаматтардың экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында қарастырылған.

Сонымен қатар бірқатар құқықбұзушылық рақымшылықтан тыс қалады. Атап айтқанда, соттар тағайындаған айыппұлдар, қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекеттік мүдделерге қатер төндіретін құқықбұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар кешірілмейді.

Олардың қатарына жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы өрескел құқықбұзушылықтар да кіреді. Мәселен, мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүру қағидаларын өрескел бұзу фактілері бойынша салынған айыппұлдарға рақымшылық қолданылмайды.

Сондай-ақ қару-жарақ пен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және өзге де маңызды салалардағы құқықбұзушылықтар рақымшылық аясынан шығарылған.

Әкімшілік рақымшылықты іске асыру үшін әкімшілік іс жүргізу бойынша бірыңғай тізілім пайдаланылады. Жүйе заңда белгіленген талаптарға сәйкес рақымшылыққа жататын тұлғалардың тізімін автоматты түрде қалыптастырады.

Шешімдер электронды форматта қабылданып, уәкілетті тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады. Рақымшылық қолданылған азаматтарға цифрлық сервистер мен SMS-хабарламалар арқылы ақпарат беріледі. Бұл үшін мемлекеттік органдарға арнайы жүгінудің қажеті болмайды.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда рақымшылық жарияланады: Кім босатылады, кімге кешірім жоқ?

Айыппұлдар кешіріледі: Тұңғыш әкімшілік амнистияға қандай бұзушылықтар ілігеді? 

Қазақстанда азаматтардың миллиардтаған қарызы кешіріледі

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх