Снежанна Имашева әкімшілік рақымшылық аясында қандай айыппұлдар кешірілетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, әкімшілік амнистия тек айыппұлдарға қатысты болады.
Әкімшілік рақымшылыққа тек қана айыппұлдар жатады. Бұл – жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар. Жалпы көлемі 1,8 млн айыппұл салынған. Сомасы шамамен 36 млрд теңге, – деді Снежанна Имашева Мәжіліс кулуарында.
Журналистер жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар рақымшылыққа іліге ме деп нақтылады.
1,8 млн айыппұлдың басым бөлігі – полиция салған айыппұлдар. Оның ішінде жерге түкіру, мас күйінде ұсталу секілді құқық бұзушылықтар бар. Ал 90 пайызы жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар, – деді депутат.
Оның сөзінше, егер құқықбұзушылық 17 наурызға дейін, яғни Конституция қабылданғанға дейін жасалса, онда мұндай айыппұлдар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Қазіргі таңда жалпы берешек көлемі шамамен 63 млрд теңге. Соның 36 млрд теңгесі рақымшылыққа жатады, – деді Снежанна Имашева.
Депутат әкімшілік амнистия автоматты түрде жүргізілетінін айтты. Азаматтарға арнайы өтініш жазып немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті болмайды.
Еске салсақ, бұған дейін қандай тұлғалар рақымшылыққа ілікпейтінін ІІМ түсіндірген еді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда тағы рақымшылық жасалмақ: Қандай жаза кешіріледі?