Амандасу әдебі мен көркем мінез: Имамдар қоғамда жиі талқыланатын екі мәселеге жауап берді

Олар білім алудың маңызы, жастар тәрбиесі мен исламдағы дұрыс амандасу әдебі туралы айтып, жастарды ізгілік пен жауапкершілікке үндеді.

 pixabay.com 1 Тамыз 2026, 16:34
1 Тамыз 2026, 16:34
157
Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық жауапкершілік пен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент жастарды білім алуға, кітап оқуға, дүниетанымын кеңейтуге және үнемі ізденуге шақырып, елдің болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Бұл ұстанымды діни қауымдастық та қолдайды. Соңғы уақытта еліміздегі мешіттерде өткізілетін уағыздарда жастардың тәрбиесі, әдептілігі, қоғамдық жауапкершілігі мен білімге ұмтылысы жиі қозғалып жүр. Дін қызметкерлері қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, исламның көркем мінез бен ізгілікке үндейтін қағидаларын түсіндіруде.

Маңғыстау облысы Орталық Бекет Ата мешітінің наиб имамы Жұмабай Қуандықұлы исламда амандасу әдебінің нақты тәртібі бар екенін айтты.

Бір-бірімен кездескенде қалай амандасу керектігі туралы сұраққа Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) нақты жауабы бар. Оның айтуынша, екі ер адам кездескенде қол алысып амандасса жеткілікті. Егер жолаушылап келіп, ұзақ уақыт көріспеген жандар болса, олардың төс қағысып амандасуына рұқсат етіледі. Ал екі ер адамның кездескенде сүйісіп амандасуы немесе соған ұқсас артық әрекеттер жасауы исламда құпталмайды. Мұндай амалдар халқымыздың дәстүрімен де үйлеспейді, – деді ол.

Ал Абай облысындағы Бір мұнаралы Тас мешітінің наиб имамы Абдулла Ержанұлы исламдағы ең маңызды құндылықтардың бірі – білім екенін айтты.

Мұсылман адамның қандай да бір игі істі атқаруы үшін ең алдымен қажет нәрсе – білім. Исламда білім алуға ерекше мән беріледі. Оның маңызын Құран Кәрімдегі алғашқы түскен әмірдің өзі айқын көрсетеді. Ол – «Оқы!» деген бұйрық. Яғни намаз, ораза секілді басқа құлшылықтардан бұрын білім алуға үндейтін әмірдің түсуі білімнің қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Сондықтан мұсылман адам қандай іске кіріспесін, алдымен білім мен ілімге сүйенуі қажет. Тәуекел етудің өзі де біліммен ұштасқанда ғана дұрыс нәтиже береді, – деді имам.

Айтуынша, егер болашағымыздың баянды болғанын қаласақ, ең алдымен өсіп келе жатқан ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Алайда білімнің өзі әдеппен астасқанда ғана толық мәнге ие болады. Сол себепті балаларға тек білім беріп қана қоймай, әдепті де үйрету қажет. Сонымен қатар оларды өз күшіне сеніп, әрекет ете білетін, Аллаға тәуекел етуді дұрыс түсінетін азамат етіп тәрбиелеу маңызды.

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев те білімнің адам өміріндегі орнына тоқталды.

Құран Кәрімнің ең алғашқы аятының өзі «Оқы!» деген әмірмен басталады. Бұл – ислам дінінде білім мен ғылымның айрықша орын алатынын көрсетеді. Қазақта: «Білімді адам мыңды жығады, білікті адам бірді жығады» деген нақыл бар. Яғни біліктілік бір істің тетігін табуға көмектессе, терең білім адамға мыңдаған мүмкіндікке жол ашады. Ағайындар, білім алу – инемен құдық қазғандай ауыр еңбек. Ал алған білімге амал ету – одан да үлкен жауапкершілік. Сондықтан білімнің шамшырағы ешқашан сөнбеуі керек, - деді ол.

Сонымен қатар ол егер жастарымыз білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болып өссе, қоғамды да сауатты ұрпақ алға бастайтынын ескертті.

Сол себепті Құранның алғашқы аятының «Оқы!» деген сөзбен басталуының өзі білім мен ғылымның адам өміріндегі орны ерекше екенін аңғартады, – дейді имам.

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің наиб имамы Нұрсұлтан Уәлиұлы да исламдағы сәлемдесу мәдениетінің маңызына тоқталды.

Жалпы, шариғатымызда екі мұсылман кездескен кезде бір-біріне қол беріп, «Ассалаумағалейкум!» – «Уағалейкумассалам!» деп сәлемдеседі. Бұл – исламдағы көркем әдептердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасса, қолдары ажырамай тұрып Алла олардың күнәларын кешіреді», – деген. Сондай-ақ Әнас ибн Мәликтен жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбарымыздан: «Кездескенде құшақтасып амандасайық па?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі оған: «Жоқ», – деп жауап береді. «Онда қол алысып амандасайық па?» – дегенде: «Иә», – деп рұқсат берген. Осы хадистерден исламда ер азаматтардың қол алысып амандасуы – сүннет әрі сәлемдесу мәдениетінің маңызды әдептерінің бірі екені аңғарылады, – деді ол.

 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 🇰🇿☪️ҚМДБ АБАЙ ОБЛЫСЫ ӨКІЛДІГІ | РЕСМИ ПАРАҚША (@alashdin.kz)

Наверх