Amanat құмар ойындарды шектеуді көздейтін заң жобасын ұсынды

9 Қараша 2023, 12:19
694
Бөлісу:
Amanat  құмар ойындарды шектеуді көздейтін заң жобасын ұсынды
Фото: Amanat

Құмар ойын нарығы жылжымайтын мүлік нарығынан екі есе асып түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

350 мыңнан астам қазақстандық азамат осындай ойындарға тәуелді. Лудоманияға қарсы іс-қимыл жүргізудің әдіс-тәсілі мен букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу мәселелері бүгін Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» төрағасы Ерлан Қошанов лудомания адам тағдырына балта шабатын қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, партия ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болды.

Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре бастады. Лудомания – ХХІ ғасырдың дерті. Миллиондаған адам құмар ойындардан зардап шегеді. Бүгінде бәс тігу мектеп қабырғасынан басталып жатыр. Барлық ойын онлайн, жұртшылыққа оңай қолжетімді. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көтеріп, құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Енді депутаттар мұны заң жүзінде бекітуі керек, – деді ол.

Өз кезегінде, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев түсіндіру жұмысының нәтижесінде 2021 жылдан бері 17 букмекерлік кеңсе өз еркімен лицензиясын қайтарғанын, ал ойын бизнесі субъектілерінің саны 2 есеге, 71-ден 28-ге дейін қысқарғанын мәлімдеді.

Биыл интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу мақсатында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 7 мыңға жуық интернет-ресурс пен заңсыз материалдардың сілтемесі бұғатталды. Бүгінде ел аумағында ойын бизнесімен айналысуға рұқсат ететін 28 лицензия берілген. Оның ішінде, 5 казино, 8 ойын автоматтары залы, 13 букмекерлік кеңсе және 2 тотализатор бар, – деді министр.

Жиын барысында депутаттар мемлекеттік органдардың лудоманиямен және заңсыз ойын бизнесімен күрес жөніндегі жұмысын сынға алды. Мәселен, құмар ойынның кесірінен 10 ерлі-зайыптының 7-еуі ажырасып жатыр. Былтыр Қазақстанда 3676 адам өз-өзіне қол жұмсаған, оның әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.

Үкімет ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен олардың лоббистеріне қатысты қандай да бір нақты шешім қабылдап жатқанын көрмей отырмыз. Букмекерлік кеңселер интернеттегі және БАҚ-тағы жарнамаға миллиардтаған теңге қаражат құяды. Әлеуметтік желі букмекерлік кеңселердің жарнамасына толы. Одан қалса, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары бұл саланы дамытуға дайын. Сондықтан «AMANAT» партиясы бастамашылық еткен заң жобасын барынша тезірек қабылдауымыз керек, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Бұдан соң, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттарға жаңа заң жобасының аса маңызды нормалары туралы ақпарат берді. 2 кодекске және 7 заңға 50-ден астам түзетулер дайындалды.

Атап айтқанда, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылады. Заңды тұлғалар рұқсат етілген жасқа толмаған адамдарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ онлайн-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады. Көшелерде, интернетте және бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі.

Сонымен қатар, лотоматикалық машиналарды елге әкелуге және тұрғын үйлерде, дүкендерде, медициналық және білім беру мекемелерінде орнатуға тыйым салу ұсынылады. Құмар ойын ойнауға болатын жас шегі 25 жасқа дейін артады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар өз ақпараттық-қаржылық жүйелерін мемлекеттік кірістер органдарының аппараттық кешенімен біріктіруі керек. Осылайша, мемлекет барлық қаржылық операцияны бақылап отырады.

Фракция жиынын қорытындылай келе, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасын жұртшылықпен және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен кеңінен талқылау қажет екенін ескере отырып, оны тезірек қабылдаудың маңызын атап өтті. Негізгі мақсат – азаматтарды ойынға тәуелділіктен және отбасыларды оның теріс салдарынан қорғау.

«AMANAT» фракциясының депутаттары ұсынылған заң жобасын бірауыздан қолдады.

Өзгелердің жаңалығы