Алтын Орданың дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты

28 Мамыр 2021, 17:35
2422
Бөлісу:
Алтын Орданың дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлық Ұлыс - әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөліне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ұлыс тарихына қатысты ойын айтты.

Егер халықтың тұтас тарихын қалың кітапқа теңесек, соның ішінде өте маңызды тарауы болады. Ол тарау болмаса кітаптың мазмұны жоғалуы мүмкін. Ұлық Ұлыс – төл тарихымыздың осындай маңызды тарауы. Далалық Римге айналған Ұлы империя, әртүрлі тілде сөйлеп, әрқилы дін ұстанатын көптеген халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, озық мәдениетті дүниеге әкелді, – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Алтын Орданың дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты.

Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валютамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі. Мемлекет басшысы резиденциясы Батудан Абылай ханға дейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығы әміршілерінің ордасы сияқты аталады. Парасат пен төзімділікке құрылып, ханафи мазхабына негізделген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған, – дейді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ол жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы екенін айтты.

Мысалы Сарайшық қаласы Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болды. Қазіргі Қызылорда облысы аумағында Жанкент, Жент, Барчкент, Түркістан өңірінде Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ сияқты қалалар болған. Мұндай қалалар еліміздің солтүстігінен де табылуда. Бұған дәлел – жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл-оба» қорымынан шыққан құнды жәдігерлер, – дейді Дәурен Әскербекұлы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дәурен Абаев тарихты мифке айналдыру, өткенді әсіре мақтау өрге бастамайтынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы