Тарихшы: Алтын Орда тарихын зерттейтін арнайы ғылыми мекеме керек

26 Ақпан 2020, 15:12
2569
Бөлісу:
Тарихшы: Алтын Орда тарихын зерттейтін арнайы ғылыми мекеме керек
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. XIX ғасырдың басынан бастап, Алтын Орда тарихына назар аударыла бастады. Бірақ толық жүйелі түрдегі тарихы әлі жазылған жоқ.

Бұл туралы тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев Алматыда өткен жиын барысында айтты.

Тарихшының айтуынша, Алтын Орда тарихында әлі ашылмаған, зерттелмеген мәселелер өте көп. Қоғамдық қатынастары, саяси тарихы, құрылуы, ыдырауы және сол кездегі жағдайларға қатысты жекелеген еңбектер ғана бар. 

Оны зерттеу үшін арнайы ғылыми мекемелер керек және ол тікелей мемлекеттің назарында, бақылауында болу қажет. Қазір Татарстанда Алтын Орда тарихын зерттейтін ғылыми мекеме бар. Олардың құрылғанына 30 жылдан асып кетті. Алайда, олар өздеріне қарай икемдеп, тартатыны бар. Тіпті, Қазан хандығы Алтын Орданың тікелей мұрагері дегенді де айтып жатады. Ал, бізде Алтын Орда тарихын зерттейтін арнайы мамандар да жоқ, саусақпен санарлық, - дейді Берекет Кәрібаев. 

Сөз арасында, ол Алтын Орда түркі халықтарының осыдан 8 ғасыр бұрынғы Еуразия аумағында болған үлкен империя екенін, оны тарихшылар тіпті Еуразиялық мемлекет деп те атайтынын жеткізді. 

Біздің ата-бабамыз осы империяның негізін қалаған және үш ғасырға жуық Еуразия даласындағы тарихтың көшін бастады. Сонымен қатар, бүкіл әлемдік тарихқа, дамуға өз үлесін қосты. Империя кейін ыдырады, оның мұрагері кімдер дегенде, біз оның заңды мұрагерінің біріміз деп қуана айта аламыз, - дейді тарихшы.  

Оның айтуынша, Еуразия аймағындағы түркі халықтарының барлығы Алтын Орданың мұрагері, бірақ олардың кейбірінің мемлекеттік құрылымы бар, кейбірінде жоқ. 

Мысалы, Қырым татарлары, ноғайларда халық бар, бірақ мемлекет жоқ. Оған қарағанда қазақ халқы бақыттымыз. Өзіміздің дербес мемлекетіміз бар. Болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін артымыздағы осындай тарихымызға мән беруіміз керек, яғни үлкен мемлекеттердің болғанын қазіргі жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет, - дейді профессор.
Өзгелердің жаңалығы