Алтын Досанова: КВИ инфекциясын жеңудің бірегей жолы – вакцинациялау

20 Шілде 2021, 15:30
3773
Бөлісу:
Алтын Досанова: КВИ инфекциясын жеңудің бірегей жолы – вакцинациялау
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда КВИ ауруының көрсеткіші бойынша Түркістан облысы «сары» аймаққа енді. Осыған байланысты, өңірде тұрғындарды індетке қарсы вакциналау қалай жүріп жатыр? Облыс бойынша вакцина алғандар саны қанша? Жұртшылықтың вакцина алуға деген сенімі ұлғайды ма?

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Алтын Досанова аталған аймақта коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін толық алғандар қатары күннен күнге көбейіп келе жатқанын айтып өтті.

Түркістан өңірінде ақпан айынан бастап жалпы 518 100 доза вакцина жеткізілді. Бүгінге дейін – 505 675 (97%) адам вакцинаның 1-ші компонентін қабылдап үлгерді. Екінші компонентін – 315 226 адам алды. Бүгінгі күнге қалдық – 14740 дозаны құрайды. Сонымен қатар, 22 ақпаннан бастап ревакцинация өткізілуде және 363 100 дозадан барлығы 329 305 (91%) адамға салынды. 33 795 доза қалдық қалды, - деді Алтын Досанова.

Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері «COVID-19» індетімен тіркелген жағдайлар саны бүгінгі таңда 7 723 құрап отыр. Жазылып шыққандар саны – 6 964, қайтыс болғандар саны – 55.

Қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Алтын Досанованың айтуынша, жергілікті аудан, аймақтарда вакцинациялау тұрақты түрде жүргізілуде.

Қазіргі таңда «Спутник V» вакцинасының 447100 (І компонент), 292100 (ІІ компонент) дозалары жеткізіліп, халықтың басым көпшілігі осы вакцинаны салдыруда. Сонымен қатар, облысымызда «Hayat-Vax», «CoronoVac» және отандық «QazVac» вакциналары жеткізіліп, салынуда. Бүгінгі күнге дейін облысымызда вакцинациядан кері әсер берген ешқандай оқиғалар тіркелмеді, - деді ол.

Оның айтуынша, Дельта штамм клиникасының ерекшеліктері –инкубациялық кезеңнің бес күнге дейін қысқаруы, ішек белгілері басым, аурудың тез дамуы, жастар арасында науқастар санының көбеюі, балалар мен жүкті әйелдер арасындағы ауыр өту белгілері анықталуда.

Осыған байланысты біз облыс тұрғындарына қайтадан жүгініп, саналы және өз өміріне жауапты болу керектігін айтудамыз. Сондай-ақ, оларға COVID-19-ға қарсы вакцинациялау қажеттілігін еске саламыз. Дельта (Үнді) COVID-19 штаммының таралуы ауруханаға жатқызу мен өлімнің жоғарылау қаупін тудыруда. Сондықтан бетперде тағу режимін күшейтіп, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау керек, бұқаралық іс-шараларға және халық көп жиналатын орындарға барудан аулақ болған жөн, - деп ескертті дәрігер.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында халықтың вакцина салдыруға деген сенімі екіұшты болып тұрғаны жасырын емес. Жалпы, қазақстандықтардың вакцинацияға деген көзқарасы халықтың иммунизация қарқынына тікелей байланысты. Бұл ретте маман не дейді?

Қазіргі таңда облысымыздың вакцина алудағы қарқыны жаман емес, жеткізілген вакцинаның 1-дозасының 97 пайызы, 2-дозаның 91 пайызы салынды. Аталған көрсеткіш, халықтың сенімінің артып келе жатқанының негізі деп ойлаймын. Түркістан облысының халқы вакцинаны түгел алған жағдайда ахуал оң жағына өзгереді. Өйткені, КВИ инфекциясын жеңудің бірегей жолы – вакцинациялау. Ел арасында екпеге күмәнмен қараушылар бар. Бірақ халықтың басым бөлігі екпе алып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан соң ғана індеттің беті қайтпақ. Сондықтан облысымыздың халқын вакцинациядан қорықпай, жалған ақпаратқа сенбей екпе алуға шақырамын, - деді Алтын Мейрамбайқызы.

Өкінішке қарай, оңтүстік аймақта ересектермен бірге балалар ковиды да тіркелген жағдайлар кездесіп отыр. Қазіргі таңда 15 бала инфекциялық стационарда ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Түркістан өңірінде 128 егу пункті, 14 ПТР-зертхана, оның ішінде 10 мемлекеттік ПТР зертхана және 2020 инфекциялық, 300 карантиндік және 315 реанимациялық төсек-орын бар.

 


Өзгелердің жаңалығы