Алтай Көлгінов елордадағы кептелісті жою жолдарын атады

22 Қараша 2021, 09:02
1723
Бөлісу:
Алтай Көлгінов елордадағы кептелісті жою жолдарын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалада жаңа шағын аудандар пайда болып, тұрғындар мен автомобильдердің саны өсуде, осыған орай жолдарда кептеліс көбейіп келеді.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Ол шаһарда жол кептелісінің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Жолдардағы өткізу қабілетін жақсарту үшін көліктерге арналған көпірлер мен көлік жолайрықтарын салу, автобус жолақтарын қосымша іске қосу және т.б. бойынша жұмыс жүріп жатыр, - деп атап өтті Көлгінов.

Сондай-ақ әкім Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталғанын хабарлады.

Сот процесі құрылыс жұмысы мен мерзіміне айрықша әсер етті. Қазір проблеманың бәрі шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді елорда әкімі.

Оның сөзінше, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеменің 20%-ға дейін төмендеуін болжанып отыр. Жоспар бойынша аталған көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Сонымен қатар Ұлы дала даңғылында да көпір салынуда. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік Ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман елді мекенінің, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный елді мекенінің, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігін арттырады, - дейді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, биыл және былтыр 300-ге жуық көше салынып, жөнделген.

Мемлекет басшысы елордада көпірлер мен көлік жолайрықтарын салудың маңыздылығын атап өтті. Олардың жартысынан көбі елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, жаңа бағыттар, автобус желілері іске қосылды, автобус паркін жаңартып жатырмыз. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы қатынауға, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы