Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Ауқымды мәдени іс-шараға өңір тұрғындарымен қатар, еліміздің әр өңірінен және шетелден келген 50 мыңнан астам адам қатысты.
Фестивальдің қорытындысы Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері фестиваль бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіп пен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Әсіресе гала-концерт күні адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздікке, жол қозғалысын ұйымдастыруға, көлік ағынын реттеуге және азаматтарға жедел көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінді.
Полицияның мәліметінше, фестиваль барысында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып, іс-шара қауіпсіз жағдайда өтті.