Күршімдегі гепардтың ізі

27 Қаңтар 2019, 16:39
5683
Бөлісу:
Күршімдегі гепардтың ізі

Фотода: Қайнар ауылының маңындағы петроглифтердегі гепард суреті. Борис Щербаковтың жеке мұрағатынан. BAQ.KZ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Шығыс Қазақстан аумағы қысы-жазы тропиктік температурасының бір деңгейі сақталып тұратын жерұйық мекен болғанын білесіз бе? Ежелгі адамдардың қонысымен қатар өңірде жан-жануардың бүгінде құрып кеткен неше түрі өмір сүрген. Бұған біреу иланса, енді біреу сенімсіздік танытары анық. Десек те, "куәміз" бар, ол - біздің дәуірімізге жеткен тастағы таңбалар. Соның бірі Күршім ауданына қарасты Қайнар (бұрынғы Сергеевка) ауылының маңындағы таңбалы тастар осы аумақта әлемдегі ең жүйрік жануар – гепард мекендегенін айғақтайды.


Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне белгілі өлкетанушы ғалым Борис Щербаков айтып берді.

«Адамзат әлемдегі ең жыртқыш жаратылыс. Бағзыда өмір сүрген, бүгінде көзі жойылып кеткен құрлық пен мұхиттағы жан-жануар мен балықты адамның аулап құртқанын білесіз бе? Ежелгі заманда біздің өңірде әлемдегі ең жүйрік жануар гепард, тұран жолбарысы, қос өркешті жабайы бактриан түйесі, одан қалды - жарты ғасыр бұрын ғана Алтай аумағынан көзі кеткен Пржевальский жылқылары өмір сүрген. Бүгінде бұлардың бірі де жоқ. Барлығын адам аулап құртқан», - дейді ғалым.

Өлкетанушының айтуынша, гепард туралы қызықты деректер біздің дәуірімізге тастағы таңбалар арқылы ғана жеткен екен.

«Күршім ауданының Қайнар ауылына жетер-жетпес тұста қызықты деректің үстінен дөп түскенім бар. Нарын жоталарының Катонқарағайдағы Бүркітауылдан бастау алатын қарлы шыңдары біртіндеп аласарып, аталған ауылдың маңында аяқтала бастайды. Сол аласа жоталардың арасынан джек құсының ұясын іздеп жүріп, ежелгі адамдардың тасқа салған таңбаларын байқап қалдым. Петроглифтердің арасынан мүйізді таутекелер анық көрінгенімен, тағы бір жануар мен үшін түсініксіз әрі ерекше болып көрінді. Анықтап қарасам, құйрығы ұзын, жоны биік кәдімгі гепард екен! Сонау тас дәуірінде, мүмкін одан ертеректе Шығыс Қазақстан жерін бүгінде тек Африка құрлығы мен Таяу Шығыста ғана кездесетін экзотикалық жануардың мекендегені мен үшін ерекше жаңалық болды», - деді ғалым.

Тастағы таңбаны фотосуретке түсіріп алған Борис Васильевич оны көпшілік қар барысына ұқсататынын айтады.

«Тастағы таңбада жануардың ұзын құйрығы мен сирақтары, тұрған тұрысының қар барысынан гөрі ашық алқапта тез жүгіруге машықтанған гепардқа көбірек ұқсайтыны анық. Әрине, палеонтолог емеспін. Бірақ тас бетіне ерекше сиямен сурет салған шебер суретшінің туындысы осыдан мыңдаған жылдар бұрын табиғаты жайлы, сүтқоректілері көп Шығыс өлкесін мекендегенін дәлелдейді. Бүгінде климаты қытымыр, алты ай қысы бар Алтай өңірінде осындай ерекше аңның өмір сүргеніне таң қаламын», - деп сөзін тәмамдады Борис Щербаков.

Бүгінде климаты өзгеріп, қара суығы қатал Шығысқа гепардты қайтару мүмкін болмаса да ,осы уақытқа дейін еліміздің аумағын мекендеген тұран жолбарысы мен керқұланды қайтадан жерсіндіру мүмкіндігі әлі бар. Бірқатар мәліметтерге сүйенсек, аталмыш жануарларды Қазақстанға қайтару мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп те жүр. Мысалы, тұран жолбарысын қайтадан жерсіндіру мәселесін көтеріп жүрген ғалым Бақытжан Әділов елімізге тайгадан Уссурий жолбарысын әкеліп, жергілікті жерге бейімдеу арқылы арнайы питомникте тұран жолбарысын «тірілтуге» болатынын дәлелдеп жүргеніне бірнеше жыл болды. Сондай-ақ облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сенсек, Шығыс Қазақстанда 2014-2016 жылдары Пржевальский жылқысын өсіру жөнінде жоба қарастырылған екен. Бұл жобаның жетекшісі тарихшы, этнолог, тарих ғылымдарының докторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкері Ахмет Тоқтабай болды. Жобаның жалпы құны 10 миллион теңгеге межеленген. Дегенмен бұл жоба бүгінгі таңда толықтай қолға алынбай отыр.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ


Гепард – мысық тұқымдастар отрядына жататын жыртқыш сүтқоректі. Көбіне Африка құрлығы мен Таяу Шығысты мекендейді. Гепард Acinonyx тұқымының жалғыз сақталып қалған өкілі. Сүтқоректі жануарлар арасындағы ең жылдамы: ол 3 секунд ішінде сағатына 110 шақырымға дейінгі жылдамдықты алуы мүмкін. Дене тұрқы басқа мысық тұқымдастарға қарағанда өзгеше болып келетін жануардың басы кішкене, көздері биік орналасқан, ал құлақтары кішкентай келеді. Яғни оның денесі аэродинамикалық жағынан жақсы жетілгендіктен қатты жылдамдықта жүгіріп, жемін аулауына көп көмегін тигізеді. Терісінің түсі сарғыш теңбілді болып келетін ересек жануардың салмағы 40-тан 65 келіге дейін, ал тұрқы 115-тен 140 сантиметрге дейін болады. Тұрып тұрғандағы бойының биіктігі 75-тен 90 сантиметрге дейін.

Өзгелердің жаңалығы