Алматының жаңа әкімі Ерболат Досаев туралы не білеміз?

31 Қаңтар 2022, 16:19
2655
Бөлісу:
Алматының жаңа әкімі Ерболат Досаев туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Бұған дейін мегаполисті Бақытжан Сағынтаев басқарған болатын. 

Досаев туралы не белгілі

Ерболат Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында туған. 1987 жылы Алматы қаласының О.Жәутіков атындағы Республикалық физико-математикалық мектеп-интернатын бітірді. Кейін Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетін бітірді.

Отбасы

Ерболат Досаев үйленген, екі баласы бар.

Зайыбы Гүлнар Досаева «G and G Гламур» компаниясын басқарады. «G and G Гламур» – әлемдік люкс киім брендтеренің (Dolce&Gabbana, Michael Kors, Fendi, Max Mara, Gucci, Emporio Armani) дистрибьюторы.  

Еңбек өтілі

Ерболат Досаевтың қызметтік жолы 1997 жылы «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметімен басталған. Кейін осы жылы «АТФ Банк» ЖАҚ басқарма төрағасы лауазымын атқарған. 1998 жылы жас Ерболат Досаев ел Премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалады.

1998 жылы ҚР энергетика, индустрия және сауда вице-министрі лауазымын атқарған;

2000 жылы – Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі;

2001 жылы Қазақстан Даму банкі директорлар кеңесінің төрағасы болған;

2001–2003 жылдары ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы ретінде қызмет атқарған; 

2003–2004 жылдары – ҚР қаржы министрі; Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушысы; ҚР Ұлттық банкінің басқарма мүшесі;

2004–2006 жылдары – ҚР денсаулық сақтау министрі;

2006–2012 жылдары «Қазинвестбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы;

2012 жылғы 25 қыркүйектен бастап – ҚР экономикалық даму және сауда министрі;

2013 жылғы 16 қаңтардан бастап – ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі;

2014 жылғы 6 тамызда ҚР Президентінің № 880 жарлығымен ҚР ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.

2015 жылғы 30 сәуірде ҚР Президентінің № 5 жарлығымен ҚР ұлттық экономика министрі болып қайта тағайындалды. 

2016–2017 жылдары – «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы.

2017 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды.

2017 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және жаңа технологиялар министрдің міндетін атқарушы Т. Тоқтабаевтың «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің құрамы туралы» № 824 бұйрығына сәйкес «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің құрамына сайланды. 

2019 жылдың 25 ақпанында Елбасының жарлығымен ҚР Ұлттық банк төрағасы болып тағайындалды.

Ең бай қазақстандықтар тізіміне енді

2012-2014 жылдары Досаев Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамының рейтингіне енді. Яғни ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып тұрғанда Lancaster Group-тың 25 пайызына, «Қазинвестбанктің» 17,8 пайызына ие болған. Forbes оның 2014 жылы таза байлығын 110 миллион АҚШ долларына бағалады.

Ұлттық банктегі реформалары

Бәсекеге қабілетті және күшті қаржы секторын құру, қаржы ұйымдарының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық Банк қаржы нарығын реттеу жөніндегі мандатын жаңа тәуелсіз органға, яғни Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне берді. 

Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банктің орталық аппараты елордаға көшірілді.

2019 жылғы 1 тамызда Ұлттық Банк Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел тарихында алғаш рет сектор активтерінің 87%-ға жуығын және банктердің жалпы несие портфелінің 90%-ын иеленген 14 ірі қазақстандық банкті толық тексеруді бастады.

Пандемия кезінде Ұлттық банк Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысты.

Ұлттық банктің 6,3 триллион теңге жалпы пакетінің 2,3 триллион теңгесіне (ЖІӨ-нің 9%-ына тең) бағаланған жедел және тиімді шараларының арқасында коронавирустық пандемия кезеңінде терең дағдарыстың алдын алды.

Сонымен қатар 2019 жылы валюталық заңнаманың барлық заңға тәуелді базасы жаңа редакцияда қабылданды. Валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді, ішкі валюта нарығының тұрақтылығын сақтауда және пандемия мен пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің қиын кезеңінде одан әрі экономикалық өсу үшін жағдай жасауда маңызды рөл атқарды.

Одан бөлек, соңғы 3 жыл ішінде қаржы жүйесінің тұрақтылығы айтарлықтай нығайтылды. Осы кезеңде банк жүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша шаралар кешені қабылданды, активтердің сапасын тәуелсіз бағалау (AQR), банктерді қадағалау стресс-тестілеуі жүргізілді.

Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың жеделдігі мен ауқымы тәуекелдердің шоғырлануын тежеуге және елдің қаржы секторында жүйелік тәуекелдердің іске асырылуына жол бермеуге мүмкіндік берді.

«Цифрлық теңге» пилоттық жобасы

Қаржы секторының цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын іске асыру үшін Ұлттық Банк 2021 жылы цифрлық теңгені (Digital Tenge) енгізу жөніндегі пилоттық жобаға бастамашылық жасады.

Жоба қаржы нарығының қатысушыларымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп іске асырылады. Бүгінгі таңда әлемде ұлттық цифрлық валюталардың эмиссиясы мен айналымын зерттеумен 63 орталық банк белсенді түрде айналысады.

Ұлттық Банктің 2021 жылғы зерттеулерінің басты бағыты Орталық банктің бөлшек сандық валютасының аспектілері болды. Азаматтар оффлайн режимінде қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігіне, ал нарық смарт-келісімшарттар технологиясының арқасында жаңа инновациялық сервистерді құру мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта Цифрлық теңге платформасының прототипін әзірлеу аяқталды, нарыққа қатысушылармен және халықаралық ұйымдармен бірқатар талқылаулар жүргізілді, пилоттық жобаның аралық нәтижелері Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде таныстырылды.

ХВҚ техникалық көмек орталығының ашылуы

2020 жылы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және ХВҚ басқарушы директоры К. Георгиева Алматы қаласында Орталық Азия мен Кавказ аймағында алғашқы ХВҚ техникалық көмек орталығын ашу туралы келісімге қол қойды.
Орталық ХВҚ-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік құрылымдарының әлеуетін дамытуға арналған 17 ұқсас орталықтан тұратын ХВҚ желісіне жаңа қосымша болды.
Өз жұмысын 2021 жылы сәтті бастаған орталық ХВҚ-ның өңірдегі әлеуетті дамыту жөніндегі қызметін жоспарлаудың, үйлестірудің және іске асырудың негізгі орталығына айналды.

Банкноттарды айырбастаудың мерзімсіз кезеңін жүргізу

Сондай-ақ 2021 жылғы 12 маусымнан бастап айналыстан шыққан банкноттарды айырбастаудың мерзімсіз кезеңі енгізілді.

Қандай да бір банкнот айналыстан шыққаннан кейін оны 3 жыл ішінде Ұлттық банктің филиалдарында да, сондай-ақ барлық банктердің бөлімшелерінде және «Қазпочта» АҚ кеңселерінде де айырбастауға болады. Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары банкноттарды мерзімі бойынша шектеусіз қабылдайды.

Ұлттық банк қызметін халықаралық бағалау

2021 жылғы 11 тамызда Moody's халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның рейтингін «тұрақты» болжаммен «Baa2» деңгейіне көтерді.

Ведомство елде жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясатты, атап айтқанда, Қазақстанның макроэкономикалық және сыртқы тұрақтылығына ықпал еткен Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу және құбылмалы айырбас бағамы режимі бойынша саясатын оң бағалады.

Ұлттық банктің ТЖ режимі кезіндегі іс-қимылы

Төтенше жағдай кезінде Қазақстанның Ұлттық банкі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жедел шараларды қабылдады. 7 қаңтардан бастап республика бойынша екінші деңгейлі банктердің онлайн қызметтеріне қолжетімділік кезең-кезеңімен қалпына келтірілді – банктік қосымшалар интернетке қосылмайа- жұмыс істеді.

Сонымен бірге Алматы қаласы мен Алматы облысын қоса алғанда, банктерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету және қолма-қол ақша беруге арналған банкоматтардың жұмысын қамтамасыз ету шаралары қолға алынды.

10 қаңтардан бастап Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының төлем жүйелері қаржы секторы мен мемлекеттік бюджеттің теңгелік төлемдерін жүзеге асыру үшін штаттық режимде жұмыс істейді.

12 қаңтардан бастап Қазақстан қор биржасының валюталық платформасында сауда және халықаралық төлемдер мен аударымдар қайта жанданды.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты капиталды шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шығару қаупі артқанын мәлімдеді.

Осыған байланысты Ұлттық банк Қаржы мониторингі агенттігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 10 қаңтарда елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту туралы бірлескен бұйрық қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы