Алматының Телемедицина орталығы КВИ жұқтырған науқастарға тәулік бойы көмек көрсетеді

22 Қаңтар 2021, 14:39
1181
Бөлісу:
Алматының Телемедицина орталығы КВИ жұқтырған науқастарға тәулік бойы көмек көрсетеді

Алматы, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында құрылған денсаулық сақтау саласының бірқатар нысанын аралады.

Мегаполис әкімі Instagram-дағы парақшасында Телемедицина орталығында, Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда және МЖӘ аясында ашылған Оңалту орталығында болғанын хабарлады.

КВИ-ге қарсы іс-қимылдағы маңызды жұмыстың бірі – Телемедицина орталығын құру болды. Жаңадан құрылған бірегей орталықта болдым. Бұл жер пандемия кезінде қауіпті індетке шалдыққан науқастарға қашықтан көмек көрсетеді, - деп жазды Бақытжан Сағынтаев. 
Оның айтуынша, арнайы дайындықтан өткен 52 дәрігер тәулік бойы аудио немесе бейнебайланыс арқылы амбулаториялық емде жатқан науқастың жағдайын бақылап, оларға кеңес береді. Бүгінде 816 адам үйде емделуде. Өткен жылдың 1 қарашасынан бастап үй карантиніндегі 3,7 мың қала тұрғынына қашықтан мониторинг жүргізілді.

Сондай-ақ, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалықтарға алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету үшін тиісті барлық жағдайдың жасалатынын  айтты. Бұл міндет жақын маңда емханалар жоқ ықшам аудандарда Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларды ашу арқылы шешілуде.

Мәселен, Түрксіб ауданында заманауи құрылғылармен жабдықталған «Алтай» ОДА 11 мың адамға қызмет көрсетеді. Соңғы екі жылда мұндай 16 Отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылды. Биыл тағы төртеуін ашу жоспарлануда. 

Қала әкімі Сағынтаев жеке капиталдың қатысуымен құрылатын Оңалту орталықтары жүйесінің ұлғайғанын хабарлады. МЖӘ аясында өткен жылы «Аруана» көпсалалы орталығы ашылды. Орталық 50 төсек-орынға есептелген, соның ішінде инсульт, кардиология мен травматологиялық науқастарды емдеуге арналған 41 орын бар.

Өзгелердің жаңалығы