Алматының Наурызбай ауданында өндіріс көлемі 4,3 млрд теңгеге өсті

3 Тамыз 2021, 12:23
2905
Бөлісу:
Алматының Наурызбай ауданында өндіріс көлемі 4,3 млрд теңгеге өсті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай онлайн брифинг барысында өндіріс көлемінің 4,3 млрд теңгеге өсуі себебінен салықтық түсімдер 161 пайызға көбейіп, 9,4 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, аудан экономикасының барлық саласында оң серпіліс бар.

Осы жылдың 6 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 48,7 млрд теңгеге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілер саны – 7559-ға жетті. 2021 жылдың І жартыжылында 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4500-ден асатын пәтері бар 100 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол шешімін табуы тиіс ең өзекті мәселенің бірі - ол аудан тұрғындарын 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Таза ауызсумен қамтылғандар – 30 пайыз ғана, қалған 70 пайызы ашық су тоғандары мен жеке ұңғымалардың суын пайдаланып келеді. Ия, жаз айларында су тапшылығы болады, ол кездері біз арнайы техникалармен ауызсуды үздіксіз тасып беріп отырамыз. Тиісті жұмыстар аяқталғанша аталған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, - деді ол.

Аудандағы Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс ықшам аудандарында 122 шақырым су жүйесі және 85 шақырым кәріз құбыры жұмыстары мен Қарғалы өзеніндегі су өңдеу стансасы құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр екен. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін 70 мың аудан халқы таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы