Алматының Наурызбай ауданы халқының саны 150 мыңға дейін артады - әкім

10 Тамыз 2022, 12:03
1775
Бөлісу:
Алматының Наурызбай ауданы халқының саны 150 мыңға дейін артады  - әкім

Көп қабатты тұрғын үйлердің қарқынды салынуына байланысты алдағы 5 жылда Наурызбай ауданы халқының саны 150 мың адамға артады деп күтілуде. Бұл туралы аудан әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифинг барысында әкім қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін «Алма сити Е-5» ТК және Карьерная көшесі тұрғындарының өтініші бойынша №31 және 67 автобус маршруттары ұзартылғанын жеткізді. Одан бөлек №44 және 137 бағыттар жаңартылған.

1 қыркүйекке дейін қаланың батыс бөлігінде маршруттық желіні оңтайландыруды жоспарлап отырмыз, оның аясында №49 жаңа маршрут ашылады. Абай-Карьерная көшесі – «Момышұлы» метро станциясы және №110 маршрут «Момышұлы» метро станциясына дейін ұзартылатын болады, бұл Наурызбай ауданының көлік қызметін жақсартуға көмектеседі, - деді С.Тоғай.

Аудан әкімі аялдама кешендерінің құрылысына жеке тоқталды. Әзірге олардың саны 35. Жыл соңына дейін барлық заманауи талаптарға сай келетін 8 толық аялдама орнатылады.

Осыған байланысты Алатау көшесінің Абай даңғылындағы станциядан бастап, Әшімов көшесінің бұрышынан «Барлық» базары ауданындағы станцияға дейінгі метро трассасы өзгертілді. Қазіргі уақытта Абай даңғылының бойында Яссауи көшесінен батыс бағытта Әшімов көшесінің қиылысына дейін орналасқан «Қалқаман» станциясының құрылысы басталды. Аяқталу мерзімі - 2025 жыл, - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ол 2026 жылға дейін Наурызбай ауданында ұзындығы 5,2 км 3 станция салынатынын айтты. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр екен.

Бұдан өзге, «Барлық» базары ауданында 5 мың автомобильге арналған көлік-ауыстырып мінгізу торабын салу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы