Алматыны қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті

8 Қаңтар 2022, 17:56
2613
Бөлісу:
Алматыны қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бақытжан Сағынтаев Алматының тыныс-тіршілігін толық қалпына келтіру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін, 8 қаңтарда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполиске террористік шабуылдан кейін қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Кеңеске қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, негізгі басқармалардың басшылары қатысты. Басшылардың жүргізіліп жатқан жұмыстарға және терристер мен бандиттік топтардан тазартылған шағын аударға келген шығынға қатысты есептер тыңдалды. Әкім орынбасары С.Құсайыновқа бандиттердің іс-әрекеті салдарынан зардап шеккен аумақтарды тазалауды бастау, қауіпсіздік талаптары мен төтенше жағдай режимі талаптарын сақтау тапсырылды.

Әкім орынбасары М.Әзербаев жалпықалалық энергия, су, жылу және газбен қамтамасыз ету жүйесінің жай-күйі жайында баяндады. Лаңкестік шабуыл басталған сәттен бері қалада жалпы алғанда тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелерде іркіліс болмағандығы аталып өтілді. Туындаған мәселелер жедел шешіліп, тұрақты бақылауда болды.

Әкім орынбасары М.Қиқымовқа қалалықтарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты ахуалды және қаланың азық-түлік қауіпсіздігін тұрақтандыру, сонымен қатар азық-түлік жеткізудің логистикалық жүйелерін қамтамасыз ету жүктелді.

Сондай-ақ әкім Б.Сағынтаев әсіресе үй жанындағы дүкендерді азық-түлікпен қамтамасыз ету, қалалық дәріханалардың үздіксіз жұмысын ұйымдастыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Кешеден бері қала әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен«Magnum» желісінің 2 супермаркеті ашылғаны келгілі. Таяу уақытта ірі сауда желілерінің бірқатар дүкендері мен көтерме сауда орындары ашылатын болады.

Мұнан бөлек, кеңесте денсаулық сақтау және қалалық ұтқырлық басқармасы басшыларының есебі тыңдалды. Олар ағымдағы жағдай және оны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Алматыда террористік шабуылдың нәтижесін келген шығынды алдын ала бағалау басталды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 5 қаңтарында Алматы қаласында террористік шабуыл жасалды. Соның нәтижесінде содырлар әкімшілік ғимаратты басып алып, дүкендерді, шағын бизнес субъектілерін қиратты және тонады. Қала тұрғындарының жеке мүліктеріне де айтарлықтай шығын келтірілді. Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестерге қарсы операцияның басталғанын жариялады.

Өзгелердің жаңалығы