Алматылықтар Баум тоғайындағы ағаштардың жаппай кесілуіне наразы

17 Қазан 2023, 12:32
530
Бөлісу:
Алматылықтар Баум тоғайындағы ағаштардың жаппай кесілуіне наразы
Фото: Евгения Головинская

Алматы тұрғындары Баум тоғайындағы ағаштардың кесіліп, саябақтың жағдайы нашарлағанын айтып шағымданып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Баум тоғайы Алматы қаласындағы ең үлкен саябақ болып саналады. Тоғай аумағында ағаштың 49 түрі өседі. Оның ішінде жетеуі қылқанжапырақты және қырық екісі жалпақжапырақты ағаштар.

Қала тұрғындарының ең сүйікті жері – Баум тоғайы. Дегенмен саябақтың қазіргі жағдайы көңіл қуантпайды. Ағаштарды бульдозермен таптап, топырақ жабындысын таптап тастаған. Кесілген жасыл желектердің жағдайы жақсы секілді. Жапырақтары жап-жасыл. Тоғайда қураған ағаштар бар, неге соларды кеспеске? Бұлай істей берсе, тоғайдың түгі қалмайды ғой, – дейді ренішін жасыра алмаған Евгения Головинская есімді қала тұрғыны. 

Ал Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының айтуынша, саябақтағы ағаштардың 30%-ы ауруға шалдыққан. Яғни, 3 311 ағаш өлі және апатты деп саналады. Олар міндетті түрде кесілуі тиіс.

10 жыл ішінде Баум тоғайынан айырылып қалумыз мүмкін. Қазір Баум тоғайында 104 мыңға жуық ағаш өседі. Оның ішінде 3311 ағаш ескі, яғни жарамсыз. Бұл орманның шамамен 3,1%-ы. Айта кетейік, қураған ағаштар тоғайға келетіндердің өміріне, әсіресе, жел тұрған кезде өте қауіпті. Сол себептен осындай шараларды жүзеге асыруға тура келеді. Дегенмен қазіргі таңда кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаштарды отырғызу жұмыстары да қолға алынып жатыр, – дейді Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының қызметкері Әділ Нүрпейсов. 

Тұрғындардың айтуынша, ағаш кесушілер бульдозермен жүріп, топырақ жабындыларын таптап тастаған. 

Тоғайдың ішінде бульдозермен көп жүргенін көруге болады. Соның салдарынан топырақтың астындағы өсімдіктер тапталған. Өздеріңіз білетіндей, ағаш маңайында саңырауқұлақ пен таңқурай, тау гүлі өседі. Дегенмен тапталған жерлерде екі-үш жылдан кейін бір-ақ өсетіні сөзсіз. Оның үстіне саябақтың бүлінген бейнесі жүрегімізді ауыртты. Жұмысшылардың әр істі ұқыпты әрі тиянақты істеуін талап етеміз, – дейді Евгения Головинская. 

Өзгелердің жаңалығы