Алматылықтар 1,7 млн теңгені тегін ала алады: Ол үшін не істеу керек? 

Тегін грант бойынша маңызды сұрақтардың жауабы.

Бүгiн 2026, 11:43
АВТОР
 gov.kz Бүгiн 2026, 11:43
Бүгiн 2026, 11:43
279
Фото: gov.kz

Алматыда әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттарға өтінім қабылдау басталады. Бұл туралы Алматы қаласының Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жанабаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, өтінімдер 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз қаржылай қолдау болып саналады. Оның мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 млн 730 мың теңге.

Грант бір рет қана беріледі және оны азамат тек бір мәрте ала алады. Бұл қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа табыс көздерін құруға және халықтың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған, – деді Әділет Жанабаев Өңірлік коммуникациялар алаңындағы брифингте.

Оның сөзінше, конкурсқа тіркелген жұмыссыздар мен мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған кәсіпкерлер қатыса алады. Биыл 13 маусымнан бастап грант беру ережелеріне өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, бұрын үш жылға дейін тіркелген жеке кәсіпкерлер қатыса алса, енді бұл мерзім бір жылға дейін қысқартылған.

Жанабаев грантқа үміткерлердің белгілі бір әлеуметтік санаттарға жатуы міндетті екенін айтты. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын азаматтар өтінім бере алады.

Сондай-ақ грантқа қатысудың негізгі талаптарының бірі – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алу.

Сертификатты Skills.enbek.kz порталынан алуға болады. Оқу 14 күнге созылады. Курсты аяқтаған азаматтарға сертификат беріледі. Бұл құжаттың жарамдылық мерзімі – үш жыл, – деді ол.

Директордың орынбасары жаңа ережелерге сәйкес грант алған азаматтар 18 ай ішінде кемінде бір жұмыс орнын ашып, тіркелген жұмыссыздардың бірін жұмысқа қабылдауға міндетті екенін атап өтті.

Оның айтуынша, өтінім беру толықтай электронды форматта жүргізіледі. Үміткерлер порталға тіркеліп, өтініш формасын толтырып, бизнес-жоспарын жүктеп, құжаттарды электронды цифрлық қолтаңбамен растауы қажет.

Әділет Жанабаевтың мәліметінше, Алматыда бірінші лек аясында 190 грант беру жоспарланған. Жалпы 2026 жылы әлеуметтік осал топтарға 380 грант бөлінеді.

Грант қаражатын құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, көшет, бұта, тұқым және көшет материалдарын сатып алуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қажетті ғимаратты жалға алуға жұмсауға болады.

Ал тұтынушылық мақсаттарға, несие немесе қарыз жабуға, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер телімдерін алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздарды және цифрлық активтерді сатып алуға грант қаражатын пайдалануға тыйым салынады.

Гранттар – кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі. Олар тұрғындарға өз бизнес-идеясын жүзеге асырып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Әділет Жанабаев.

Ол барлық сұрақ бойынша Алматы қаласындағы мансап орталықтарына жүгінуге болатынын айтты.

Наверх