Алматылық дәрігерлер жаңа туған шараналардың жүрегіне ота жасайды

3 Тамыз 2022, 15:41
1541
Бөлісу:
Алматылық дәрігерлер жаңа туған шараналардың жүрегіне ота жасайды
Фото: sputnik.kz

Оңтүстік астанадағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында екі айлық шақалақтың жүрегіне күрделі ота жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кезекті жоғары технологиялық операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асырылды. Жалпы 2022 жылы мұнда түрлі жүрек ақауымен туылған 214 нәрестеге ота жасалыпты.

Перинатология орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, кішкентай пациент орталыққа Түркістан облысының Шардара ауданынан келген. Туғанына екі ай болса да көп салмақ қоспаған. Әрі әлсіздік пен ентігу белгілері байқалған соң жергілікті мамандар оны жолдама арқылы Алматыға жіберіпті. 

Орталық дәрігерлері оның жүрегінде төрт түрлі ақау барын анықтады. Жүрек қалталары аралығындағы қабырғалардың ақауы, аорта доғасының дамымауы, жүректің үлкен тесігі, аса қауіпті өкпе гиертензиясы деген диагноз қойылды.

Дәрігер Геннадий Нигайдың айтуынша, жүрек жұмысын қалыпқа келтіру үшін бір сәтте бірнеше ота жасау қажет болған. Операцияның қиындығы да осында еді.

Операция барысында нәрестенің жүрегі тоқтатылып, жасанды қан айналу аппаратына қосылды. Ота 4 сағаттан ұзағырақ болды. Содан соң жүрек қайта іске қосылып, қан айналым процесі қалына келтірілді, - дейді маман. 

Отадан кейін бала ұзақ уақыт бойы жансақтау бөлімінде жатып, сегіз тәуліктен кейін анасының қасына, палатаға ауыстырылды. 17 тәуліктен кейін жағдайы қалыпқа түскеннен кейін ауруханадан шықты. Мұндай балалар кейін қалыпты өмір сүреді. Алдағы уақытта жергілікті кардиолог мамандардың бақылауында болмақ, дейді дәрігерлер.

Өзгелердің жаңалығы