Алматылық медицина ұйымдарына 116,5 млрд теңге төленді

8 Қазан 2020, 13:10
1046
Бөлісу:
Алматылық медицина ұйымдарына 116,5 млрд теңге төленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс шеңберінде алматылықтарға қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 116,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, аталған қаражат кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті медииналық сақтандыру пакеттері шеңберінде көрсетілген медициналық көмек үшін төленген. Қаржының 84,1 млрд теңгесі – мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетілетін тегін көмек пакетіне, 32,4 млрд теңгесі – МӘМС пакетіне тиесілі. 

Медициналық сақтандыру қоры  2018 жылдан бері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы болып табылады. Ал, 2020 жылдан бастап Қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлей бастады. 

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласы бойынша 172 медицина ұйымы Медициналық сақтандыру қорымен жұмыс істейді. Оның жартысына жуығы немесе 55 проценті – жеке меншік клиникалар. Жалпы, 2020 жылға тегін көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт жалпы сомасы – 141,9 млрд теңге, МӘМС пакеті бойынша бекітілген келісімшарт сомасы – 51,9 млрд теңге.

Өзгелердің жаңалығы