Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті

31 Шілде 2023, 12:24
1115
Бөлісу:
Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті
PHOTO
Фото: автордан

Алматыда I Халықаралық ALMATY CIRCUS FESTIVAL өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл жоба Алматы қаласы үшін халықаралық деңгейдегі мәдени байланысты орнатып, мәдениеттің дамуына жол ашты. Цирк өнерінің фестивалінде әлемнің 15 елінен келген әртістер өнер көрсетті.

Әйгілі Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде цирк өнерінің барлық жанрындағы үздік нөмірлер көрерменге ұсынылды. Цирк өнерінің майталмандары, гимнастар, акробаттар және жонглерлер фестивальдің ең жоғарғы марапатын алу үшін өздерінің бойындағы барлық талантын паш етіп, өнерін көрсетті.

Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті

"Қазақ мемлекеттік циркі" - Қазақстан Республикасындағы ең көне әрі жетекші өнер ордасы. Жарты ғасырлық тарихы бар Алматы циркінде Халықаралық цирк өнері фестивалі алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл шара қазақ цирк өнерін насихаттау мен дамытуға, сондай-ақ отандық цирк ұжымының халықаралық деңгейдегі мәдени қатынасын нығайтуға бағытталған. Бұл ретте тұңғыш Халықаралық цирк өнері фестивалі аясында көрермендер керемет шоудың куәсі болмақ. Бұл жоба - біздің цирктің бастамасы. Мұндай ауқымды фестивальді алғаш рет өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – отандық цирк өнерінің үздік жетістіктерін сақтау, дамыту, көрермендердің біздің цирктің мүмкіндіктері туралы түсінігін кеңейту. Сонымен қатар жалпы қоғамдағы цирк өнерінің мәртебесін арттырудың қарапайым мақсатын басшылыққа алып отырмыз, – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.

Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті

Цирк өнерінің қыр-сыры турасында фестивальдің қоюшы-режиссері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Удмурт Республикасының Халық әртісі және «Росгосцирктің» бас режиссері Елена Петрикова айтып берді.

Бұл күндері цирк әлемінің ең заманауи әрі үздік жетістіктері Қазақ мемлекеттік циркінде паш етіледі. Цирк манежі фестивальдің барлық қатысушысы мен қонақтары үшін достық қарым-қатынас орны, жаңадан танысу алаңы, елдер мен әртістер арасында перспективалы әрі жемісті қатынас орнату мүмкіндігі алаңына айналады. Бұл – алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын фестивальдің алғашқысы, – деді ол.

Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті

Қала тұрғындары бірегей қойылымдар мен әдемі шоудың куәсі болса, әртүрлі әлемдік алаңдардағы әртістердің бірлескен жұмысы кәсіби шеберлік деңгейінің артуына септігін тигізді.

Мұндай бірегей мәдени жобаның пайда болғаны – үлкен қуаныш, зор мәртебе. Бүгінде бұл жобаға бар ынта-жігерімізбен кірісіп кеттік. Үлкен дайындық жүріп жатыр. Әртістеріміз де бүкіл әлемге қазақстандық цирк өнерінің қыр-сырын көрсетіп, талантын паш етуге асығып, бұл күнді тағатсыздана күтті. Біздің көрермен тұңғыш рет әлемнің түкпір-түкпірінен келетін үздік әртістердің қайталанбас нөмірлерін тамашалады. Фестиваль аясында күн сайын сағат 16:00-де «А» және «Б» бағдарламасы бойынша қойылым көрсетіліп отырды, – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.

Алматыдағы цирк фестивалінде 15 елдің әртістері өнер көрсетті

Аталған шара Қазақ мемлекеттік циркінің халықаралық деңгейдегі беделін көтеруге үлкен мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальді алдағы уақытта да жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл шараның елдегі цирк өнерінің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз.

Өзгелердің жаңалығы