Алматыдағы реновация: Ескі үйлер қаншаға сатып алынады және жаңарту жұмыстары қалай жүргізіледі?

2030 жылға дейін қаладағы кемінде 676 ескі тұрғын үйді реновациялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде шамамен 7 500 меншік иесі заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа пәтерлерге көшіріледі.

14 Тамыз 2026, 16:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ/жасанды интеллект 14 Тамыз 2026, 16:10
14 Тамыз 2026, 16:10
129
Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

2024 жылғы 29 қарашада Алматы қаласының мәслихаты «Алматы қаласының тұрғын үй реновациясы бағдарламасы – 2030» құжатын қабылдады. Бағдарлама тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, қалалық ортаны жаңартуға және тозығы жеткен тұрғын үй қорының ұлғаюына жол бермеуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейін қаладағы кемінде 676 ескі тұрғын үйді реновациялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде шамамен 7 500 меншік иесі заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа пәтерлерге көшіріледі.

Бағдарлама аясында азаматтарды қала құрылысы талаптары мен Алматының сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, жайлы әрі қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар қалада тозығы жеткен ғимараттардың жаппай пайда болуына жол бермеу, мегаполистің полицентрлік құрылымын қалыптастыру және дамыту, тұрғындардың күнделікті қажет нысандарға жаяу қатынауын жеңілдету, көлік жүктемесін азайту және өмір сүруге, жұмыс істеуге әрі демалуға қолайлы жаңа қалалық орта қалыптастыру міндеттері қойылған.

Реновация барысында халықты әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл қатарға білім беру ұйымдары, медициналық мекемелер, спорт нысандары, қоғамдық кеңістіктер және өзге де әлеуметтік маңызы бар объектілер кіреді. Бұдан бөлек, Алматының сәулеттік келбетін жақсарту, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру, құрылыс кезінде жергілікті материалдарды пайдалану және тарихи маңызы бар сәулеттік мұраны сақтау міндеттері де бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі болып саналады.

Бағдарлама аясында жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін салық көлемін арттыру да жоспарланған.

Құжатқа сәйкес, Алматы қаласының атқарушы органы бекітілген жол картасы негізінде бағдарламаны жүзеге асыратын уәкілетті ұйымды анықтап, оны қаржыландырады. Уәкілетті ұйым бөлінген қаражатты реновация аумақтарындағы тозығы жеткен тұрғын үйлер мен басқа да құрылыс нысандарын сатып алуға, сондай-ақ жаңа тұрғын үй салуға және сыртқы инженерлік желілер жүргізуге арналған мақсатты қайтарымды қарыз ретінде инвесторларға ұсына алады.

Реновация бағдарламасы аясында тұрғындарды көшіру және ғимараттарды бұзу тек барлық меншік иелерінің келісімі болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл талап тұрғындардың мүліктік құқықтарын қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы жағдайлар қарастырылған. Олар лифтпен, пандуспен және кедергісіз орта элементтерімен жабдықталған тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан баспанамен қамтамасыз етіледі.

Бағдарламада қауіпсіздік мәселесіне де басымдық берілген. Осыған байланысты алдымен қаңқалы-қамыстан салынған үйлер мен тектоникалық жарықтар орналасқан аумақтардағы ғимараттарды бұзу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл шешім мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Алматы әкімдігі реновация бағдарламасы қаланың тұрғын үй қорын жаңартып қана қоймай, заманауи, қауіпсіз және қолайлы қалалық орта қалыптастыруға серпін береді деп есептейді.

Жаңаратын үйлерге шолу

Алматыдағы тұрғын үй реновациясы бағдарламасы аясында Бостандық ауданында орналасқан аумақты жаңарту жоспарланып отыр. Осыған байланысты «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Розыбакиев, Солодовников, Радостовец және Катаев көшелері маңындағы, Жандосов көшесінің бойында орналасқан аумақты қайта жаңғырту жобасына инвесторларды іріктеу рәсімін жариялаған.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, реновация нысаны Бостандық ауданында орналасқан. Аумағы шамамен 0,5 гектар. Жоба аясында қазіргі таңда орналасқан үш ескі тұрғын үй сүріледі. Бұл үйлерде жалпы саны 24 пәтер бар.

Техникалық-экономикалық көрсеткіштерге сәйкес, аталған 24 пәтерді сатып алудың алдын ала құны 420 миллион теңге деп бағаланған. Ал ескі тұрғын үйлерді толық сатып алудың нарықтық құны шамамен 504 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Райымбек даңғылы мен Немирович-Данченко көшесінің қиылысындағы аумақты жаңарту жобасы қолға алынбақ. Реновация жүргізілетін учаскенің жалпы аумағы 2,7 гектар. Жоба аясында үш ескі тұрғын үйді сүріп, ондағы 40 пәтердің тұрғындарын көшіру көзделген.

Техникалық-экономикалық көрсеткіштерге сәйкес, ескі пәтерлерді сатып алуға жұмсалатын болжамды қаражат көлемі 800,8 миллион теңге деп бағаланған. Бірінші кезеңде сүрілетін үш үйдегі 40 пәтерді сатып алудың алдын ала құны да осы көлемде белгіленген.

Реновациясы бағдарламасы аясында Ғабдуллин, Байтұрсынов, Тимирязев және Марков көшелері қоршаған аумақты жаңарту жоспарланып отыр. Бұл аумақ реновацияға ұсынылған инвестициялық тартымды учаскелердің қатарына енгізілген.

Жобаға қатысты жарияланған мәліметтерге сәйкес, реновация жүргізілетін аумақтың көлемі 11,8 гектарды құрайды. Аталған аумақта орналасқан 20 ескі тұрғын үй сүріледі. Бұл үйлерде жалпы саны 580 пәтер бар.

Техникалық-экономикалық көрсеткіштер бойынша ескі пәтерлерді сатып алуға кететін алдын ала шығын көлемі 12 миллиард 64 миллион теңге деп бағаланған. Бұл реновация бағдарламасы аясындағы ең ірі жобалардың бірі саналады.

Құжатта бірінші кезеңде үш үйдегі 24 пәтерді сатып алуға шамамен 500 миллион теңге қарастырылғаны көрсетілген.

Тағы оқи отырыңыз: Жаз аяқталуға жақын, ал құрылыстың бітетін түрі жоқ: Қопарылған жолдар алматылықтарды әбігерге салды 

Наверх