Алматыдағы кептеліс: Жол жөндеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады?

29 Маусым 2023, 16:01
1439
Бөлісу:
Алматыдағы кептеліс: Жол жөндеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады?
Фото: автордан

Алматы көшелеріндегі жөндеу жұмыстары кептелісті үдетіп жіберді. Тұрғындардың пікірінше, қазылған көше жаяу жүргіншілердің жүруіне мүмкіндік бермей отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Еске салсақ, қалада 15 магистральды көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталған. Әл-Фараби даңғылы бойымен Асқаров көшесінен Достық даңғылына дейінгі ұзындығы 9 шақырымнан асатын учаскені жөндеу басталды. Бұған дейін мұнда 2010 жылы орташа жөндеу жұмыстары жасалған. Жұмыстар көлік қозғалысы бөлігін ішінара жабу арқылы жүргізіледі.

Алматыдағы кептеліс: Жол жөндеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады?

Жол кептелісі көбейді. Бір жерді қазып қойса жарайды, қаланың біраз көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір жерге бару үшін 1-1,5 сағат кептелісте тұрамыз. Бір көшені жауып, сосын өзгені істеу керек қой. Қайда барсаңыз да, алдыңыздан қазылған көшелер шыға келеді. Бірақ жұмыс істеп жатқан жұмысшыларды да көрмейміз, қоршалған күйі міз бақпайды. Бұдан қала берді, жүк көліктері де ары-бері жүріп, кептелісті үдете түсті. Жаз басталысымен жолдарды қаза бергенді қашан қояды? – дейді қала тұрғыны Бауыржан Тұрғынбай. 

Алматыдағы кептеліс: Жол жөндеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады?

Алматы қалалық мобильділік басқармасының хабарлауынша, магистральды көшелерді орташа жөндеуді оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Орташа жөндеу жұмыстары Абай даңғылында, Достық даңғылынан Тілендиев көшесіне дейінгі учаскеде де жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жөндеу кезінде көшелер ішінара жабылады. Абай даңғылындағы аталған учаскелердегі жол жабынына алдыңғы орташа жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген. Сондай-ақ Есентай өзені арқылы өтетін әл-Фараби даңғылындағы көпірде 6 маусымнан бастап реконструкциялау аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көшелерді орташа жөндеуді оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарына түсіністік пен шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз, – делінген Алматы қалалық мобильділік басқармасының хабарламасында. 

Алматыдағы кептеліс: Жол жөндеу жұмыстары қашанға дейін жалғасады?

Дегенмен тұрғындар жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен бордюрлерді жыл сайын ауыстырудың артық шығын екенін айтып шағымдануда.

Сейфуллин бойымен Рысқұловтан төмен әр көшенің жаяу жүргіншілер жолын, бүтін арықтарын ауыстырып жатыр. Асфальт жақсы жағдайда болған еді, оны қайтадан жөндеуге жұмсалған қаржы далаға кетіп жатыр. Одан да шеткі аудандардағы әлі жол түспеген көшелерді неге жасамасқа?!, - дейді Берік есімді қала тұрғыны.

Өзгелердің жаңалығы