Әлеуметтік желіде алматылық тұрғын Ганди атындағы саябақтағы гүлдердің күтімсіз қалғанына шағымданды. Әкімдік тұрғынның шағымына қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғын жариялаған видеода саябаққа егілген гүлдердің қурай бастағаны байқалады. Оның айтуынша, гүлзарлар мүлде суарылмайды.
Мұнда әдемі гүлдер отырғызылған. Бірақ олар суарылмай жатыр. Соның салдарынан гүлдер қурап барады. Ешқандай суару жұмысы көрінбейді, – дейді тұрғын.
Аталған жағдайға Алматы әкімдігі түсініктеме берді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Ганди атындағы сквердегі гүлдер әлеуметтік жауапкершілік аясында отырғызылған. Сонымен қатар бұл жерде егілген өсімдіктер бір жылдық гүлдер болғандықтан, олардың табиғи тіршілік кезеңі аяқталған.
Жаз мезгілі аяқталуға жақын. Осыған байланысты біржылдық гүлдердің өмірлік циклі де аяқталды. Жақын күндері қураған өсімдіктер алынып, аумақ тазаланады. Келесі жылы бұл жерде гүл отырғызу жұмыстары қайта жалғасады, – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Айта кетейік, Ганди атындағы саябақ Алматыдағы танымал қоғамдық кеңістіктердің бірі саналады. Соңғы жылдары онда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Осылайша, әкімдік гүлдердің қурауын суарудың жоқтығымен емес, олардың маусымдық ерекшелігімен байланыстырды.