Алматы қаласының аумағында жалпы ауданы 764,47 гектарды құрайтын 70 зират орналасқан. Оның ішінде 61 зират жабылған, ал 9 зират жұмыс істеп тұр. Жабылған зираттардың 36-сы 2024 жылғы 23 шілдедегі №3/416 "Алматы қаласының аумағындағы кейбір зираттарды жабу туралы" қаулысына сәйкес пайдаланудан шығарылған. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қаладағы бейіттердің жағдайы мен жерлеу құнына тоқталып өтпек.
Бейіт мәселесі
Қала халқының көбеюі мен аумақ тапшылығы зираттарда орынның жетіспеушілігін туындатып отыр. Бұл мәселе әсіресе Алатау ауданына қарасты Саялы ықшам ауданында орналасқан бейітте айқын көрінеді. Тұрғындар зират аумағынан тыс мәйіттерді жерлеп жатқанын айтып, әлеуметтік желілерде осы мәселені көтерді.
Бейіттің сыртына адамдарды жерлей берсе, болашақта бұл аумақ тұрғын үйлерге дейін жетуі мүмкін. Мұндай жағдайға кім рұқсат берді? Сонымен қатар, бейіт ішінде жүру мүмкін емес, қабірлердің арасы тым жақын, жол қарастырылмаған, – дейді қала тұрғыны Наркис Нахиль.
Редакция мәселенің анық-қанығын білу үшін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Әкімдік мынаны мәлімдеді.
Алатау ауданындағы “Саялы” зиратында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуы анықталған. "Алматы қаласының мамандандырылған ғұрыптық қызметтер комбинаты" ЖШС әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеөтініште жарияланды. Бүгінгі таңда Алатау ауданы әкімдігінің күшімен зиратты қоршау жұмыстары басталып, жұмыстар жүргізіліп жатыр, бұл оның аумағына кіру проблемаларын жоюға және келушілер үшін қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Қабірлер арасындағы қашықтық нормаларын бұзуға қатысты Серіктестік осы бұзушылықты жою бойынша жұмыстар жүргізетін болады, жұмыс нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады, – делінген хабарламада.

Редакциямыздың бейіт тапшылығын шешу және жаңа жерлеу орындарын ашу бойынша қойған сауалына Алатау ауданы әкімдігі жауап берді.
Қазіргі уақытта Алатау ауданында жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру үшін бос орындар қарастырылған. Бос орындар "Батыс" және "Боралдай" зираттарында бар. Бұл зираттарда жерлеу рәсімдері қолданыстағы ережелер мен тәртіптерге сай жүзеге асырылады, – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Әкімдік мәселені бақылауда ұстап отырғанын және қажеттілік туындаған жағдайда қосымша шаралар қабылданатынын атап өтті.
Жерлеу рәсімдері мен ережелері
Қайтыс болған адамды жерлеу – әркімнің парызы. Бірақ Алматы қаласында жерлеу рәсімдері белгілі ережелерге сәйкес жүргізіледі. Ұлттық экономика министрінің “Жерлеу және зираттарды күтіп ұстау ережелерін бекіту туралы” бұйрығына сәйкес, қайтыс болған адамға 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Қабірлердің арақашықтығы:
• Ұзындығы жағынан – 1 метр,
• Биіктігі жағынан – 50 см.
Марқұмды жерлеу үшін зират әкімшілігіне қайтыс болғаны туралы куәлік немесе медициналық анықтама тапсыру қажет.
Жерлеу қызметтерінің құны
Соңғы жылдары жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру қызметтерінің бағасы едәуір өсті. Бұрындары бұл қызмет 55-85 мың теңге аралығында болса, бүгінде 100-350 мың теңге аралығында. Зираттағы жұмыстардың құны материал түріне және қызмет көлеміне байланысты өзгеріп отырады.
Материалымен қоса есептегенде марқұмның зиратын тұрғызуға 350-450 мың теңге аламыз. Егер тек темірден ғана қоршатса 120 мың теңгеге жасап береміз. Ал материалдарын марқұмның туыстары өздері әкеліп, іргетасын құйып, кірпішін қалауға 100 мың теңге сұраймыз,- дейді Ерден есімді азамат.
Тасымалдау құны қанша?
Денені мәйітханаға, үйге және қоштасу рәсіміне тасымалдау құны 20 мың теңгеден басталады екен. Енді бір компанияда 15 мың теңге көлемінде белгіленген. Бұл орайда компаниялар білікті мамандар мен арнайы көліктер пайдаланылатынын алға тартады. Енді бір компанияда баға 45 мың теңгеден басталады.

Цифрландыру және тарихи тұлғалардың бейіттері
Алматыда тарихи тұлғалардың бейіттері цифрлық картаға енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда:
• Орталық зиратта – 115,
• Кеңсай-1-де – 159,
• Кеңсай-2-де – 109 тұлғаның бейіті тіркелген.
Бұл қатарда Ұлы Отан соғысы ардагерлері де бар. Сонымен қатар, қалада 160-қа жуық ескерткіш бар, оның 48-і – көрнекті тұлғаларға арналған. Бұл жерлерде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Шәкен Айманов сынды тарихи тұлғалар жерленген.
Алматы қаласының әкімдігінің баспасөз қызметі туысы жоқтар мен биологиялық қалдықтарды жерлеу мен көму “Батыс” зиратында арнайы бөлінген учаскеде жүргізілетінін айтты.
Алматы сынды мегаполисте жерлеу рәсімдері мен зират инфрақұрылымын ұйымдастыруда көптеген мәселе туындап отыр. Аталған проблемалар әкімдік тарапынан біртіндеп шешімін тауып, тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуы тиіс.