Алматыдағы базарлардың бірінде ветеринариялық құжаттары жоқ 13 мыңнан астам тауық жұмыртқасы анықталды. Заңсыз өнім саудадан алынып, сатушыларға миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Рейд барысында «Барыс-IV» базарында заң бұзушылықтар анықталған. Тексеру кезінде ветеринариялық ілеспе құжаттары жоқ, тиісті таңбасы қойылмаған және арнайы қаптамасыз сатылып жатқан тауық жұмыртқалары табылған. Жалпы саны 13 680 жұмыртқа заңсыз айналымнан алынған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, анықталған деректер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жауапты тұлғаларға жалпы көлемі 1 млн 297 мың 500 теңге айыппұл салынған.
10 маусым күні тәркіленген өнімдер арнайы тәртіппен жойылған. Мамандардың айтуынша, жұмыртқалар қалалық мал қорымындағы «Беккер шұңқырына» жеткізіліп, биотермиялық әдіспен көміліп, залалсыздандырылған.
Оқиғадан кейін көтерме және бөлшек сауда орындарының басшыларына ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ заңсыз жолмен әкелінген өнімдерді сатуға жол бермеу туралы ресми ескертулер жолданған.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент базарында 11 мыңнан астам жұмыртқа айналымнан алынған болатын.