Алматыдағы Аграрлық университеттің аумағы сатылып кеткен бе?

8 Ақпан 2021, 12:51
2340
Бөлісу:
Алматыдағы Аграрлық университеттің аумағы сатылып кеткен бе?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаевтың есептік кездесуінде тұрғындар Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанында салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысын тоқтатуды сұрады.

Өзін Толқын Темірхан деп таныстырған азамат Назарбаев даңғылы бойында тұратынын және сол жердегі көптеген тұрғынның өтінішін жеткізіп тұрғанын айтты.

Қазіргі уақытты Аграрлық университет аумағында студенттердің спорт алаңына 5-6 қадам жерде екі 11 қабатты зәулім үйдің құрылысы жүріп жатыр. Абай, Сәтбаев, Назарбаев даңғылы қиылысындағы үйлер 5 қабатты. Салынып жатқан биік үй ешқандай эстетикалық сән бермейді. Сол құрылысты тоқтатуды сұраймыз. Неліктен жоғары білім ордасының аумағында үй салынып жатыр? Мемлекеттің жері неге бизнестің қолына өтіп кеткен? Президенттің Алматыда нүктелі және тығыздағыш құрылысты тоқтату керек деген тапсырмасы орындалмайды? Осы университеттің аумағына студенттерге немесе оқытушыларына арнап 5 қабатты жатақхана салмасқа? Қалалық Урбанизация басқармасы рұқсатты неге оңды-солды бере береді? Бұл сол маңда тұратын 600 тұрғынның азаматтық ұстанымы, - деді ол.  

Сонымен қатар ол, бұл үйдің аумағына кіру қиын екенін айта келе егер өрт болса, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру мүмкін болмайтынын жеткізді. 

Аудан әкімі Әсет Масабаев бұл мәселе бойынша халықпен кездесуге әзір екенін, керек болса құрылысты тоқтата алатындарын айтты. 

Осы аптада: бейсенбі немесе жұма күні сол жерге барып, оның ҚазҰАУ аумағы болған, болмағанын анықтаймыз. Салалы басқарма өкілдері де барып, өздеріңізге түсіндіру жасаймыз және мердігерді де сол жерге шақырамыз. Сол жерде халықтың мәселесін тыңдауға әзірміз. Егер заң бұзылып жатса, бұл құрылысты тоқтатуға біздің де құқығымыз бар. Халықтың дауысын естіп, олардың жағдайын жасау - біздің бірінші міндетіміз, - деді аудан әкімі.



Өзгелердің жаңалығы