Алматыдағы №12 клиникалық аурухана карантинге жабылды

13 Сәуір 2020, 16:32
2285
Бөлісу:
Алматыдағы №12 клиникалық аурухана карантинге жабылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте коронавирус анықталған 27 адамның бәрі осы аурухананың медицина қызметкерлері болғандықтан, бұл мекемені карантинге жабу шешімі қабылданған.

Қазір №12 қалалық орталық аурухана толығымен карантинге жабылды. Ауруларды қабылдамайды. Сондай-ақ, вирус анықталғандармен байланыста болған аурухананың 316 қызметкері карантинге жабылды. Сонымен бірге, Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы да карантинге жабылған, - деді ол. 

Департамент басшысы коронавирусқа қарсы тексерудің ауқымын кеңейгенін айтты. Бұрын бұл індетпен күресте алғы шепте жүргендер тексерілсе, енді қаладағы барлық медицина қызметкерлері, оның ішінде банк, пошта, құқыққорғау қызметкерлері мен сауда орнында жұмыс істейтіндер тексеріліп жатыр.
Осындай белсенді тексерудің арқасында №12 клиникалық аурухананың медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Қазір медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыру себебі тергеліп жатыр, - дейді Молдағасымова.

Коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 47% - кіші медицина қызметкерлері, орта медицина тұлғалары - 27%, дәрігерлер -16%, қалғандары аурухананың басқа қызметкерлері. 

Сонымен қатар, ол халық арасындағы індеттің жабық ошақтарын анықтау, тексеру жұмыстары жалғаса беретінін айтты. Өйткені кейбірінде бұл ауру еш белгісіз өтсе, тағы кейбірі дәрігерге жүгінбеуі мүмкін, сондықтан осындай ошақтарды қатаң тексеру қажет. 

Сондай-ақ, ол экспресс-тест бойынша соңғы тәулікте 1064 адамды тексергендерін мәлімдеді. 

Бұл әскери институттар, ҰҚК академиясы, "Көк базар", "Барыс" сияқты базарлармен қатар "Магнум" сауда орыны, Балалар және қарттар үйі, 4 клиника және бірнеше поликлиника қызметкерлерін қамтыдық. Бастапқы кезеңнен бері тексерілген 18 мың адамның 2 мыңнан астамы медицина қызметкерлері, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы