Алматыда жұма намазын мешітте өткізуге уақытша тыйым салынды

11 Наурыз 2021, 11:56
2188
Бөлісу:
Алматыда жұма намазын мешітте өткізуге уақытша тыйым салынды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке қаланың қызыл аймаққа өтуіне байланысты  діни нысандардың жұмысына шектеулер енгізілгенін мәлімдеді.

Алматы қаласы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша кешеден бері «қызыл» аймаққа еніп отыр. Осыған байланысты қалалық мемлекеттік бас санитар дәрігерінің шектеу шараларына қатысты жаңа қаулысы шықты.

Аталған эпидемиологиялық шектеу шаралары діни нысандарға да қатысты болып отыр. 

Ғибадат нысандарында әлеуметтік қашықтық және басқа да санитарлық нормаларды, маска режимін қатаң сақтай отырып тек қана жеке құлшылық рәсімін өткізуге рұқсат етіледі. Жұма намазы, жексенбілік қызметтер уақытша өткізілмейді, - деді Ерғали Көшеке. 

Діни бірлестіктердің басшылары діни рәсімдерді өткізу үшін санитарлық нормаларға сәйкес келетін барлық жағдайды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шараларды орындауы керек. Ол ғимаратқа кіру кезінде келушілердің дене температурасын өлшеу, маскасыз келген азаматтарды кіргізбеу, 2 метрден кем емес аралықпен арнайы жазу белгілерін қою және ғимаратқа іргелес аумақты таза ұстауы.

Ерғали Көшеке сонымен қатар қаланың діни бірлестік басшылары мен діндар жамағатты осы уақытша шектеу шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы