Алматыда жедел жәрдем қызметінің автопаркі 70% жаңартылды

8 Желтоқсан 2020, 15:58
1266
Бөлісу:
Алматыда жедел жәрдем қызметінің автопаркі 70% жаңартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін қалада 35 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынғанын мәлімдеген болатын. 16 желтоқсанға дейін қосымша тағы 50 жаңа көлік келеді. Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн - брифинг барысында Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов айтып берді. 

Алдыңғы қатарлы әлемдік брендтердің заманауи, портативті құралдарымен жабдықталған 35 жаңа автокөлік алынды. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 100 жаңа автокөлік келіп түседі деп күтілуде. Жедел медициналық жәрдем қызметі коронавирустық инфекцияның жазғы толқыны кезеңіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, материалдық-техникалық базаны жақсартты, - деді ол.

Сондай-ақ, ол жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялық өңдеуге ерекше назар аударылатынын айтты. Машиналарды дезинфекциялау I және II эшелондардың барлық клиникаларында суық бу генераторы әдісімен жүргізіледі.

Пациентті жеткізгеннен кейін стационарларда заманауи технологияларды пайдалана отырып, санитариялық автокөлікті байланыссыз «суық бу» генераторы арқылы дезинфекциялау жүргізіледі. Болу уақыты 10 минутты құрайды, бұл - көліктің медициналық ұйымдарда болуын 3 есеге қысқартады, - деп атап өтті Оспанов.

COVID-19 жаңа толқынына дайындық аясында диспетчерлік қызмет те күшейтілді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің алдыңғы шебінде 365 дәрігер, 1 388 фельдшер жұмыс істейді.

Бүгінгі күні жедел медициналық көмек қызметінің құрылымында барлығы - 12 қосалқы станция, 180 бригада, 3219 қызметкер бар.



Өзгелердің жаңалығы