Алматыда жас ана нәрестесінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

3 Желтоқсан 2020, 02:01
1858
Бөлісу:
Алматыда жас ана нәрестесінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматылық Нұрсұлу Мусина нәрестесінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Ол өзі босанған «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы сәбиімнің жүрегінде ақау бар екенін дер кезінде анықтамады» деп отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.

Алматылық 28 жастағы Нұрсұлу Мусинаның алғашқы жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіліпті. Сәбиін 21 мамырда қаладағы Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында дүниеге әкелген. Бірақ жаңа туған баласының денсаулығында кінәрәт бар екенін сезіпті.

Баланың демалғаны бір түрлі болды. Сырылдап тыныстайтын. Мен оның дұрыс емес екенін сездім. Сол кезде перзентханада дәрігерлерден сұрадым. «Менің балам неге бұлай демалады, қараңызшы, дұрыс емес сияқты» деп дәрігерге жүгінгенімде, ол «Жоқ, жаңа туылған баланың бәрі осылай тыныстайды» деп жауап берді, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Нұрсұлу МУСИНА.
Дәрігерлер нәресте мен жас ананы бес күннен кейін үйге жіберген. Бірақ бала күн өткен сайын салмақ қосудың орнына, керісінше, әлсірей беріпті. Жеке клиниканың біріне тексерткенде, «Туа біткен жүрек ауруымен туған» деген диагноз қойып беріпті. Сөйтіп отаға жетпей, сәби көз жұмған.
Отыз бірінші тамыздан бірінші қыркүйекке қараған түні баламның жүрегі тоқтады. Менің таңғалатыным, қазір неше түрлі жабдықтар, УЗИ бар. Қалай дәрігерлер соны көре алмаған?, - деп күйінеді Нұрсұлу МУСИНА.
Бұл сұрақтарды ақ халаттыларға біздің де қойғымыз келді. Ауруханаға барғанымызда, ондағылар қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының рұхсатын алуымызды сұрады.

Ал басқарма басшылары сауалымызға жазбаша қысқа жауап жолдапты. Онда «Сәбидің жүрегіндегі туа біткен ақауды уақытында көру мүмкін болмады» деп көрсеткен. Ал себеп-салдарын түсіндірмеді. Мұндай жағдайлар ел ішінде аз кездеспейді. Күні кеше әлеуметтік желі арқылы «Бір ажалдан аман қалдым» деген Әлина Әбілованың да оқиғасы жұртты елең еткізді.

Баламды «Керуен Медикус» емханасында босанамын деп шештім. Сол орталықта УЗИ жасатып, бірнеше рет тексерілдім. Толғағым келсе де, дәрігерлер алаңсыз жүре берді. Су ағып кеткеннен кейін 35 сағаттан соң мені кесір тілігі арқылы босандырды. Ауыр отадан кейін дәрігерлер жатырымды алып тастаған. Сүтім де шықпады, балам сол күйі ана сүтінің дәмін татпады, - дейді тағы бір ана Әлина ӘБІЛОВА.
Дәрігерлердің ағаттығынан жапа шектік деген екі келіншек те прокуратураға арыз жазған. Заңгер мұндай жайттарда дәрігердің кінәсі тек сот-медициналық сараптамасынан кейін ғана анықталатынын айтты. Айыбы дәлелденсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады деді.  
Айы-күні жетіп отырған келіншектер қандай орталықта босанатынын алдын ала жоспарлауы қажет. Мейлі, мемлекеттік болсын, мейлі, жекеменшік болсын, аурухананың, дәрігерлердің біліктілігін тексеру қажет. Тек осылай ғана босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі өлім-жітімді азайтуға болады, - дейді заңгер Руслан ҚОЖАХМЕТ.
Қайғылы оқиғадан соң Нұрсұлу Мусина қайта бала көтеруге қорқатынын айтты. Ол сәбидің өліміне кінәлілер тиісті жазасын алсын дейді. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігіне де шағым түсірген.
Өзгелердің жаңалығы