Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр

23 Сәуір 2023, 09:03
948
Бөлісу:
Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр
Фото: автордан

Оңтүстік астанамызда 6-шы рет жартылай марафон ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматыдағы тілшісі.

Алматы жартылай марафоны Тұңғыш Президент саябағынан басталып, қатысушылардың алғашқы легі жолға таңғы 7:30-да шықты. Марафонды бірінші кезекте 10 км қашықтық пен скандинавиялық жүру бойынша жарысқа түсетіндер бастады. Ал сағат 08:10-да жартылай марафонның негізгі дистанциясы басталды, яғни жарысқа 21 км қашықтыққа жүгіретін адамдар қосылды.

Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр

Менің атым - Нияз, мен 21 км қашықтыққа жүгіретін адамдарды бақылайтын төрешілердің бірімін. Осымен 5 жыл төрешілік етіп келемін. Біз марафоншылардың жанынан велосипедпен жүріп отырамыз және олардың ереже бұзбауын, жолдан шығып кетпеуін бақылаймыз. Әр адамның ритмі әртүрлі, сондықтан алыс дистанцияға жүгіретін адамдарға өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалап, пульстарын бақылап отыруға кеңес беремін. Ал бүгін алғаш рет жолға шыққан адамдарға осы сәттен энергия алып, болашақта да спортпен айналысуды жалғастыруларын тілеймін”, - деді Алматы жартылай марафон төрешісі.

Жалпы бүгінгі жарысқа 7660 марафоншы тіркелген. Мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып жатқандар да жоқ емес. Олардың қатарында танымал әнші Дастан Оразбеков те бар.

Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр

Мен бұған дейін негізгі Алматы марафонға қатыстым, дуатлон мен триалонға және “Ironman” жарысына қатыстым. Ал бүгінгі жартылай марафонға бірінші рет қатысайын деп жатырмын. Бұқаралық спорттың елімізде дамуы өте дұрыс. Өйткені дені сау ұлттың жаны да, ойы да сау болады. Жалпы марафонның барына қуаныштымын. Бекер жүрген адамдар болса, бүгінгі көпшілікті көріп, осы кісілердің қатарынан көрінсем ба деген ниетте болады, - деді Д.Оразбеков.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінгі жартылай марафонға марафоншылар әлемнің 29 елінен, ал Қазақстанның 17 өңірінен келген. Сондай-ақ жолға шыққан адамдар арасында өзгеден ерекше арнайы костюм кигендер болды.

Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр

Менің атым Ерлан. Мен бауырыммен бірге Астанадан келдім. Біз 21 км қашықтыққа жүгіреміз. Өткен жылы Алматыда толық марафонға қатысқам, енді биыл жартылайға да келіп отырмын. Осы жарыс үшін арнайы бокс қолғабы мен шлем киіп алдым. Бұрын ерекше костюммен жүгіруді армандайтынмын. Бүгін сол арманымды орындаймын,- деді Астанадан келген қатысушы.

Алматыда жартылай марафон өтіп жатыр

Марафон мәресі Орталық стадионда орналасқан. Алматының басты стадионының маңында черлидер командалары мен музыкалық топтардың қатысуымен үлкен ойын-сауық бағдарламасы өтіп жатыр. Үздік марафоншыларды марапаттау және іс-шараның ресми жабылуы сағат 12:00-ге жоспарланған.

Айта кеткен жөн, жартылай марафон өткізілуіне байланысты бүгін 00:00-ден 12:00-ге дейін қала көшелеріндегі қозғалыс ішінара жабылды.

Өзгелердің жаңалығы