Алматыда жаңадан ашылғалы отырған Alem Park саябағы жайлы не білеміз?

23 Қыркүйек 2021, 17:13
7372
Бөлісу:
Алматыда жаңадан ашылғалы отырған Alem Park саябағы жайлы не білеміз?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Алматыда қала күнін атап өту кезінде Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданында Alem Park саябағы ашылатынын мәлімдеген.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаев жаңа шағын аудандар мен мегаполистің шеткі бөліктерін абаттандыру тұжырымдамасына енгізілген өзгерістер туралы айта келе, Alem Park ауданның нағыз визит картасына айналатынын жеткізді. 

Оның айтуынша, Наурызбай ауданының жаңа шағын аудандары бүгінде ерекше абаттандырылуда. Тұрғындар заманауи ойын және спорт алаңдарына, жаяу жүргіншілер аймағына дән риза, енді көп ұзамай көпфункционалды саябақтар пайда болады.

Alem Park біздің ауданның нағыз визит картасына айналады. Алматы қаласы күні отбасылық демалыс саябағының жобасы таныстырылды. Бұл саябақ демалыстың әр түріне бағытталған көп функциялы қоғамдық кеңістікке айналады. Наурызбай ауданы әкімдігінің жанында 4,56 га аумақта ескі саябақтың орнында жаңа саябақ салынады. Бүкіл қала тұрғындары мұнда отбасымен және достарымен уақыт өткізуге, жаңа аттракциондарға баруға, аллеяларда серуендеуге және таза ауада тамақтануға болады. Паркте 44 аттракцион жұмыс істейді, - деді Бағлан Дандыбаев. 

Alem Park – бұл жай ғана саябақ емес, түрлі-түсті шабындықтары, сәулеттік құрылымдары, арқан саябағы, альпинистік қабырғасы, жайлы кафелер және басқа да көптеген ойын-сауықтары бар тұтас қала. Мұнда әр түрлі мастер-класстар, отбасылық жарыстар, балалар кеші, аниматорлардың қатысуымен белсенді ашық ойындар өтеді. Айта кетсек, саябаққа 500-ге жуық ағаш отырғызылады. 

Ауданымыздағы жаңа шағынаудандарда дұрыс тынығуға қажеттінің бәрі бар. Мысалы, өткен жылы 16 қоғамдық орын абаттандырылды. 8 балалар аймағы, 10 спорт алаңы, екі баскетбол алаңы, коньки алаңы мен футбол алаңы салынды. Екі жаяу жүргінші мен үш жасыл аймақ жабдықталды, - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары. 

Дандыбаев қала тұрғындары жаңа шаршы метрді сатып алып қана қоймай, жайлы ортаға қол жеткізетінін қосты. Сонымен қатар, Наурызбай ауданының тұрғындары қала өмірін жақсартуға өздері қатыса алады. 

2020 жылы тұрғындар «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша 32 жоба ұсынды, оның жетеуі іске асырылды. Аудан тұрғындары үшін төрт Workout алаңы мен басқа да аймақтар салынды. Тоғызқұмалақ Smart Nation ұлттық үстел ойынына арналған бес аймақ бар. Биыл біз бұл жұмысты жалғастырдық, 30 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарлануда, барлығы 1,2 млрд теңгеге 50 жоба жүзеге асырылуда, - деді Дандыбаев.
Өзгелердің жаңалығы