Алматыда түрлі ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілер бақ сынасты

26 Қыркүйек 2023, 16:14
1022
Бөлісу:
Алматыда түрлі ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілер бақ сынасты
Фото: автордан

Алматыда әскери қызметтегі өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» байқау ұйымдастырылды. Ақтық кезеңде сарбаздар қазақ тілінен шеберліктерін танытты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Жылда дәстүрге айналған байқаудың мақсаты – Ұлттық ұлан сапында, ел мүддесі жолында қызмет етіп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, қазақ тілін жіті меңгергендерді марапаттау. 

Алматыда түрлі ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілер бақ сынасты

26-28 қыркүйек күндері әскери бөлімдерінің жергілікті ұлт өкілі емес әскери қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!», мемлекеттік тілді енгізуге жауапты мамандар арасында «Үздік маман» байқау-сайыстары өткізілді. Бұл іс-шара 2007 жылдан бастап, еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып келеді. Биыл Алматы қаласында өткізіліп жатыр. Ұлттық ұланның әр әскери бөлімшілеріне 150-ге жуық қатысушы өтініш білдірді. Ақтық сынға 9 адам іріктеліп шықты. Байқау үш кезеңнен тұрды. Жеңімпаздарға материалдық және моральдық көмек көрсетіледі. Бас қолбасшының атынан алғыс хат пен мадақтама берілді. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан қатарындағы сарбаздарға мемлекеттік тілді үйрету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді ҚР Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал Қайрат Жарылқасынұлы.

Жүлделі 1-орынды Қостанай қаласынан келген Кирилл Пономаренко жеңіп алды. Ол – «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері. 

Алматыда түрлі ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілер бақ сынасты

Дайындығым өте жақсы болды. Ақтық сынға Мағжан Жұмабаевтың «Сағындым» әнін және басқа да өлең шумақтарына дайындалып келдім. Осы ретте айта кетерлігі, қыркүйек айында Ұлттық ұланда «Елге құрмет – тілге құрмет» акциясы өтіп жатыр. Ахмет Байтұрсыновтың 151 жылдығына орай осындай шаралар өткізіліп келеді. Менің ойымша, қазақ елінде дүниеге келген адамдар қазақ тілін жетік білуі қажет. Мен өзім орыс мектебін бітірдім. Дегенмен әскерге келіп, патриоттық сезімім оянғандықтан, тілді жетік меңгеруге құлшынысым оянды. Меніңше, мемлекетті тілді жетік білген адамның патриоттық сезімі жоғары болады, – дейді байқау жеңімпазы Кирилл Пономаренко.

Ал жүлделі 2-орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінің намысын қорғаған кіші сержант Александр Чернов еншіледі. 
Үшінші орынды Алматы қаласы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5572 әскери бөлімінің ефрейторы Кирилл Канашевич жеңіп алды.

 

Өзгелердің жаңалығы