2026 жылғы 1 қазаннан бастап Алматыда сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифі өзгереді. Бұл туралы «Алматы Су» кәсіпорнының қаржы жөніндегі бас директорының орынбасары Тәкібаев Жандос Маратұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа тариф бойынша тұрғындар үшін қосылған құн салығын қоса есептегенде 1000 литр су үшін 78 теңге 6 тиын, ал су бұру қызметі үшін текше метріне 119 теңге 46 тиын төленеді.
Спикердің сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін әлеуметтік норма шегіндегі су тарифі 102 теңге 49 тиын болса, нормадан асқан жағдайда 204 теңге 99 тиынға дейін жеткен. Орта есеппен алматылықтар 2025 жылы 1 текше метр су үшін шамамен 150 теңге төлеген.
Тәкібаев тарифтердің өзгеруіне әсер еткен негізгі төрт факторды атады.
Бірінші себеп – сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің ағымдағы жұмысын қамтамасыз ету шығындарының өсуі. Оның ішінде ең ірі шығыс бабы – электр энергиясы.
Сумен жабдықтау мен су бұру энергияны көп қажет ететін қызмет түрлері. Сондықтан электр қуаты бағасының өсуі қызметтің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Электр энергиясының үлесі тариф құрылымының шамамен 20 пайызы. Сонымен қатар химиялық реагенттерге, материалдарға, қосалқы бөлшектерге, жабдықтарға және басқа да қажетті ресурстарға жұмсалатын шығындар артты, – деді ол.
Екінші фактор – су саласы қызметкерлерінің жалақысын энергетика және жылу энергетикасы салаларындағы еңбекақы деңгейіне жеткізу қажеттілігі.
Кәсіпорында инженерлер, операторлар, пайдалану қызметінің мамандары, жөндеу және апаттық қызмет өкілдері жұмыс істейді. Олардың еңбекақы қоры өндірістік шығындардың бір бөлігі болғандықтан, тарифте де ескерілген.
Үшінші себеп – пайдалануға берілген коммуналдық инфрақұрылым көлемінің айтарлықтай ұлғаюы.
Соңғы екі жылда жалпы құны 73,2 млрд теңгені құрайтын нысандар іске қосылған. Олардың қатарында 32 кәріз сорғы станциясы, 6 су сорғы станциясы, 9 таза су резервуары, 18 ұңғыма, 385 шақырым су құбыры және 374 шақырым кәріз желісі бар.
Маманның айтуынша, әрбір жаңа нысан электр энергиясына, техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге, материалдарға, персоналға және апаттық жағдайларға ден қоюға тұрақты шығындарды талап етеді. Алайда бұл шығындар қолданыстағы тарифте қарастырылмаған.
Төртінші фактор – инвестициялық міндеттемелер мен инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі.
Желілер мен жабдықтар уақыт өте тозады. Сонымен қатар Алматының дамуына байланысты сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне түсетін жүктеме артып келеді. Сондықтан қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп ұстаумен қатар, оны жаңғыртып, өткізу қабілетін арттыру және жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік жасау қажет, – деді Тәкібаев.
Оның мәліметінше, тарифтің инвестициялық құрамдасы 30 пайыздан асады. Бұл қаражат сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталады.