Алматыда соттылығы бар 40 адам жұмысқа орналастырылады

18 Сәуір 2023, 20:10
859
Бөлісу:
Алматыда соттылығы бар 40 адам жұмысқа орналастырылады
Фото: Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматының Халықты жұмыспен қамту орталығы бұрын сотталған 40 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев бұрын сотталғандарды бейімдеу және жұмысқа орналастыру қалай жүргізіліп жатқанын баяндап берді.

Спикер Алматы қаласының әкімдігі жыл сайын халықтың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота бөлетінін және оның ішінде бұрын сотталғандар да бар екенін мәлімдеді.

Биыл Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 4/607 қаулысына сәйкес, пробация есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыруға квота бөлінген ұйымдардың тізіміне 11 ұйым енгізілді. Қалалық және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға квота – 0,2 адамнан 5 ұйым кірді, – деп түсіндірді Жаңабаев.

Спикердің айтуынша, пробация қызметінің есебінде тұрған 41 адамды және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 10 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Бүгінде пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың арасынан 36 адам жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Солардың ішінен:

- 11 адам жұмысқа орналастырылды (оның ішінде 2 адам тұрақты жұмысқа, 5 адам өзін-өзі жұмыспен қамтуға, 4 адам қоғамдық жұмыс орындарына уақытша жұмысқа);

- жұмыс іздеуші ретінде тіркелуден бас тартқандар саны – 6 адам;

- 17 адам ұсынылған жұмыс нұсқаларын уақытылы хабардар етпеу, келісім бермеу немесе қабылдамау салдарынан есептен шығарылды;

- жұмыссыз ретінде есепте тұрғандар саны – 2 адам.

Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың ішінде 2 адам өтініш білдірген.

- 1 адам тіркеуден шығарылған (заңмен белгіленген мерзімде (5 күн) ұсынылған бос жұмыс орны бойынша дәлелді себептерсіз келмеуіне байланысты);

- 1 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Аталған санаттағы тұрғындармен жұмыс аудандық пробация қызметімен тығыз байланыста жүргізіледі. Жұмыспен қамту орталығы мен пробация қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмі келісілген пробация қызметкерлерінің қатысуымен кездесулер өткізу тәжірибеде бар, – деп толықтырды спикер.

Айта кеткен жөн, осы санаттағы барлық сұрақтар бойынша азаматтар 310-47-82 телефоны бойынша call-байланыс орталығына хабарласа алады.

Өзгелердің жаңалығы