Алматы, BAQ.KZ. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасы Өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бизнес қауымдастықтың проблемалық мәселелерді шешу бойынша атқарылған жұмыстардың жылдық қорытындылары талқыланды.
Онлайн-кездесу барысында экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының тізімін кеңейту, мемлекеттік қолдау шаралары, қолданыстағы карантиндік шектеулер, мониторингтік топтардың жұмысы және басқа да мәселелер қаралды.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры А. Қошмамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері кәсіпкерлікті қорғау желісі бойынша 207 өтініш келіп түскен, оның 172-сі оң шешімін тапқан. Қорғалған меншік құқығының сомасы 4,7 млрд теңгені құраған.
Қолдау тетіктері түрлі бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құны 121,2 млрд теңгені құрайтын 66 жоба қаржыландырылды және мақұлданды. Бүгінгі күні мемлекеттік-жеке серіктестік аясында 11 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 84,5 млрд теңге бөлінген және 19,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған, - делінген хабарламада.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2,6 мың адам білімдерін жетілдірді. 2019 жылы жоба түлектеріне 818 грант берілді, ал 2020 жылы бағдарламаға қатысқан 687 адам грант алған. Биыл 1 334 түлек өз кәсіптерін ашыпты.
Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП білім беру ұйымдарының Реестріне 96 оқу орталығы енгізілген. Бұлардағы қысқа мерзімді кәсіби оқулармен мыңнан астам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар білімдерін жетілдірген. Техникалық және кәсіби білім беру орындарының 3,5 мыңға жуық студенттері «Кәсіпкерлік жұмыстың негіздері» пәні бойынша үш ай бойына 36 сағаттық факультеттік курста оқып шықты.
Өңірлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша келер жылғы жұмыстың басты бағыттары анықталды.