Алматыда ШОБ-ты дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр

30 Тамыз 2023, 17:45
914
Бөлісу:
Алматыда ШОБ-ты дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламаны субсидиялау және кепілдік беру жолдары қарастырылған. Оңтүстік астанада 380 мың ШОБ субъектісі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Алматы – кәсіпкерлік бастаманың орталығы, себебі мұнда шағын және орта бизнесте 860 мыңнан астам адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы» екенін айтты. Президент мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізуді тапсырған болатын. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік берді.

351,5 млн. теңгенің 183 өтініші мақұлданды

Алматы шағын және орта бизнес субъектілерінің мүліктік залалдарын анықтау жөніндегі өңірлік комиссиясы 351,5 млн. теңгенің 183 өтінішін мақұлдады. Оның ішінде 218,7 млн. теңгенің 111 өтініші бюджет қаражатының, 132,8 млн. теңгенің 72 өтініші «Жаңа Алатау» қайырымдылық қорының есебінен қаржыландырылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің өтініштері Info Kazakhstan сайтына келіп түскен еді. 

Мемлекет басшысы несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отырғанын атап өткен еді.

Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей, босқа жатыр, – деді Тоқаев былтырғы Жолдауында.

«JanaBusiness» бағдарламасы іске асырылды

Қазіргі кезде «Даму» қорымен бірлесіп «Almaty Business» өңірлік бағдарламасы аясында «Jana Business» жаңа қосалқы өнімі құрылды. Онда жеңілдетілген несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 7%-дан 6%-ға дейін төмендетілді. Ал кредиттеу сомасы 100 млн теңгеге дейін өсіп, мерзімі 7 жылға созылды. Бағдарламаның бюджеті - 5,4 млрд. теңге. Бүгінгі таңда 3,8 млрд. теңге сомасына 44 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 1 млрд теңге факторингтік мәмілелерді қаржыландыруға бағытталған.

Индустриалды аймақта 490 гектар жер бар

Мемелекет басшысы кәсіпкерлерге жер телімдерін әділ бөліп беру керектігін де атап өткен еді. Осы ретте қаланың индустриалды аймағында өз кәсібін дамытып отырғандардың саны артты. 

Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр.

Алматының индустриалды аймағының жалпы ауданы – 490 гектар. Оның 326 гектары инвестициялық жобаларға, 164 гектары инфрақұрылымға бөлінген. Бүгінде Алматының индустриалды аймағында инвестиция көлемі 270 млрд теңгеге 70 компания тіркелген. Олар жалпы құны 120 млрд теңге болатын 20 жобаны іске асырды.

Қазіргі кезде 4 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. 

  1. «БСФ» ЖШС өзінің жобасын іске асыруды 2020 жылы бастады. Жобаның құны 1,8 миллиард теңгеге бағаланады. Жұмыс орындарының саны - 120 орын.
  2. 2022 жылы «Green Innovation 2030» ЖШС жобасы іске қосылды. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені және жұмысшылар саны 40 адамды құрайды.
  3. «OISB Kazakhstan» ЖШС. Жоба 2022 жылы іске асырыла бастады. Жобаның құны 980 миллион теңге, жұмыс орындарының саны - 50 адам.
  4. Іске асырылуы 2022 жылы басталған «Smart Alatau» ЖШС жобасының құны - 800 миллион теңге. Жұмыс орындарының саны - 120 адам.

Жеңілдетілген несиеге сұраныс жоғары

«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдікпен несие алып, кәсібін ашып жатқан жастардың қатары артып келеді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында атқарылған жұмыстың бірі.

Алматыда несиелеуге және субсидиялауға 8,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлінді. Жеңілдікпен несиелеу 6%-дан 500 млн. теңгеге дейін кепіл, 12%-дан 6 млн. теңгеге дейін кепілсіз беріледі. Қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме – 8%. Ал инновациялық бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз негізде 5 млн. теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беріледі. 

Еске сала кетсек, Алматы қаласының экономикалық өсімінің 105 пайызға артуымен қатар, капиталға салынған инвестицияның көлемі 22,1 пайызға өссе, шағын және орта бизнес субъектілері 37,2 пайызға артты деп белгіленді. Бұл көрсеткіш – Алматы қаласы өзге өңірлерден біршама алда келе жатыр деген сөз.

Өзгелердің жаңалығы